Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
22.12.2016

Мәжіліс Төрағасы Н. Нығматулин бастаған парламенттік делегация Бакуде ТүркПА шараларына қатысуда


Астана. 22 желтоқсан. Мәжіліс үйі.  Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бастаған парламенттік делегация 21-22 желтоқсанда Баку қаласында (Әзербайжан) өткен Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) іс-шараларына қатысуда.

Парламентшілер үшін ең маңызды шараның бірі - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған ТүркПА-ның жаңа әкімшілік кеңсесінің ашылуы.

Мәжіліс Төрағасы Бакуде Әзербайжаннан, Түркиядан және Қырғызстаннан келген әріптестерімен кездесті.

Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының төрағасы Исмаил Кахраменмен жүздесу кезінде Палата Спикері  ең алдымен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының және өз атынан Ыстанбұл және Кайсері қалаларында орын алған лаңкестік салдарынан қайтыс болғандардың қайғысына ортақтасып көңіл айта келіп, Қазақстанның қандай түрде болса да лаңкестікті қатаң айыптайтындығын жеткізді.

Мәжіліс Төрағасының айтуынша Түркия Республикасының Президенті Реджеп Ердоған мырзаның 2015 жылғы Қазақстанға мемлекеттік сапары, сонымен бірге, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияға 2016 жылы сәуірде және тамызда жасаған сапары екіжақты өзара байланысты жаңа деңгейге көтерді. Қазақ-түрік қатынасына жаңа серпін берді. Әңгіме барысында Нұрлан Нығматулин:

- Биыл 15 шілдедегі әскери төңкеріс жасау әрекетінен кейінгі ауыр жағдайдан Түркия үлкен абыроймен шықты. Түркия халқы бүкіл әлемге демократиялық ел екенін тағы бір дәлелдеді. Осы қиын күндерде біздің еліміз Түркия Республикасының заңды сайланған Президентін, Парламентін және Үкіметін қолдайтынын білдірді. Осы жағдайдан кейін Анкараға бірінші болып ресми сапар жасаған ол Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев,-деді.

Өз кезегінде Исмаил Кахраман Қазақстанның биылғы жылы ТүркПА-ға төрағалығын өте жоғары бағалады. Одан әрі Сириядағы қақтығысты реттеу бойынша келіссөздерді Астанада жүргізу мәселесіне назар аударған И. Кахраман:  

- Бүгінгі күні Астана бітімгершілік мәселесінде айрықша рөл атқарады. Бұл Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі. Сондықтан, үнқатысу алаңы ретінде дәл Астананың таңдалуы өте ұтымды шешім деп есептеймін,-деді

Кездесу соңында Н. Нығматулин әріптесін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Әзербайжан Милли Межлисінің төрағасы Октай Асадовпен және Қырғызстан Жогорку Кенешінің Спикері Чыныбай Турсунбековпен парламентаралық байланыстарды нығайтуға серпін беру арқылы, бауырлас мемлекеттердің ынтымақтастығын тереңдетудің өзекті сұрақтарын талқылады.  

Тараптардың пікірінше парламентаралық өзара іс-қимылды тереңдету Мемлекет басшыларының түрлі саладағы әріптестік келісімдерін тиімді жүзеге асыруға жол ашады.

Н. Нығматулин ТүркПА-ға мүше-мемлекеттер келер жылы Қырғызстанның төрағалығы кезінде де басталған істі тиімді жалғастыратынына сенім білдірді.  

(ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

                 

               

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі