Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
23.12.2016

«Нұр Отан»- Мәжіліс: әлеуметтік қызмет көрсету және әлеуметтік сала қызметкерлерінің мәртебесі туралы бірлескен отырыс


Астана, 23 желтоқсан.Мәжіліс Үйі.

«Нұр Отан» партиясының Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде фракция жанындағы Әлеуметтік кеңесі мен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің «Халықтың арнайы әлеуметтік қызмет көрсету және әлеуметтік сала қызметкерлерінің мәртебесі туралы»,- деген тақырыпта бірлескен отырыс өткізді.

 «Арнайы әлеуметтік қызметтер – қиын тұрмыстық жағдайға тап болғандарға қатысты мемлекет тарапынан жасалатын ерекше миссия. Осы орайда тиімді арнайы әлеуметтік қызмет өмірлік проблемаларға тап болған адамдарға барлық әлеуметтік жұмысты айқындайтын ықпал деп білуге болады.

Біздің еліміздегі бұл жұмыстың жағдайы қалай?

Ия, бізде «Арнайы әлеуметтік қызметтер туралы» заң қабылданды. Оларды жүзеге асыруға байланысты бірнеше Стандарттар бекітілді. Мемлекеттік бюджеттен жыл сайын миллиардтаған теңге бөлініп отыр. 800-ден астам мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар, соның ішінде 103 үкіметтік емес ұйымдар арнайы әлеуметтік қызмет көрсетіп отыр. Аталған жүйеде республика бойынша 30 мыңға жуық адам жұмыс атқарады»,- деп отырысты бастады  «Нұр Отан» партиясының Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде Фракция жанындағы Әлеуметтік кеңестің төрағасы Шавхат Өтемісов.

Кеңес басқосуда көрсетілетін қызметтің сапасы қандай? Әлеуметтік қызмет жұмысының жүйесі қаншалықты тиімді ұйымдастырылған? Мұқтаж адамдар үшін олар қолжетімді ме? Әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігі халықаралық стандарттарға сәйкес пе? Оларды дайындау қалай жүргізіліп отыр? Үкіметтік емес сектор қызметінің аталған саладағы нәтижелігі қандай? Және ең маңыздысы, қиын жағдайға тап болғандарға көмек көрсету үшін бөлінетін миллиардтаған бюджеттік қаражат қаншалықты тиімді жұмсалып отыр?,- деген сұрақтарға жауап іздеп, талқылады.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары Светлана Жақыпова тақырыпқа негізгі баяндаманы жасады.

2009 жылы өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдарға көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің тиімділігін арттыру мақсатында, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес,  «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.

Бұл қызметтердің негізгі алушылары жалғыз тұратын қарттар мен 1 және 2-топтағы мүгедектер, психоневрологиялық аурулары бар мүгедектер, психоневрологиялық ауытқулары бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балалар, белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және (немесе) қылмыстық-атқару инспекциясының пробация қызметінде есепте тұрған адамдар, адам саудасының және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары болып табылады.

10 айдың қорытындысы бойынша Республика бойынша арнаулы әлеуметтік қызметтерді 800-ден астам ұйым көрсетті.

2009 жылдың басынан халықты әлеуметтік қорғау саласында стандарттарды әзірлеу және енгізу кезеңді жүзеге асырылып келеді.

Өмірлік қиын жағдайда жүрген  адамдарға әлеуметтік қызметтер көрсетудің сапасын арттыру мақсатында халыққа қызмет көрсету саласында үкіметтік емес ұйымдардың қызметі дамытылуда. Осылайша өңірлерде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету үшін 2009 жылдан бастап жыл сайынғы негізде республикалық бюджет қаражатынан ҮЕҰ-ға мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыру үшін қаржыландырылады. Бұл халыққа қызмет көрсетуге қатысатын ҮЕҰ санын 2009 жылы 4 ҮЕҰ-нан 2016 жылы     103 ҮЕҰ-ға дейін көбейтуге мүмкіндік берді, сәйкесінше қызмет алушылардың саны 1,5 мыңнан 5,9 мың адамға дейін көбейді.

Мәжіліс депутаты Жанат Омарбекова аталған тақырып бойынша қосымша баяндама жасады. Оның мәлімдеуінше «әлеуметтік»,-деп аталатын  қызмет түрлеріне: 1)әлеуметтік-тұрмыстық қызмет, 2)Әлеуметтік-медициналық қызмет, 3)әлеуметтік-психологиялық қызмет, 4) Әлеуметтік-педогогикалық қызмет, 5)Әлеуметтік-экономикалық қызмет, 6)әлеуметтік-құқықтық қызмет жатады.  Бүгінде Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің есебінше бұл қызметтерді халықтың 15 пайызы алады. 2015 жылы аталған бағытқа 32 млрд. теңге мемлекеттік қазынадан бөлінген.

 

Отырыс барысында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, Білім және ғылым министрліктерінің баяндамасы, депутаттар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің сөздері тыңдалды.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, Білім және ғылым, Ұлттық экономика министрліктерінің басшылары, әлеуметтік саладағы ассоциациялардың, орталықтардың, қорлардың және басқада қоғамдық  ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

 

Әлеуметтік кеңес отырысының қорытындысы бойынша ұсынымдар әзірленеді.

 

 

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 

 

 

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі