Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
26.12.2016

Мәжіліс: «Нұр Отан» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысы өтті


Астана, 26 желтоқсан.Мәжіліс Үйі.

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде фракция жанындағы «Нұр Отан» партиясының кеңейтілген отырысы болды. Басқосуда «Қазақстан Республикасының нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы туралы» және «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысын салу бағдарламасы туралы» мәселелер талқыланды.

Отырысқа Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко қатысып, Вице-спикер Гүлмира Исимбаева төрайымдық жасады.

«Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы ағымдағы жылдың қыркүйек айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында  халықты жұмысын қамту, жаппай кәсіпкерлік мәселесін Үкімет жұмысының басты бағытының бірі болып табылатынын атап өтіп,  тиісті бағдарламаларды одан әрі дамытуды тапсырған болатын.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы тұрғын үй құрылысын дамыту мәселесіне баса көңіл бөліп, Үкіметке бірыңғай «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы  бағдарламасын  әзірлеуге тапсырма берді.

Одан бері Үкімет біршама жұмыстар атқарды. 23 желтоқсанда өткен Үкімет мәжілісінде осы бағдарламалар талқыланды.

Сондықтан, бүгін біз осы бағдарламалардың мәні, мағынасы туралы жан-жақты ақпарат алу үшін және оны сайлаушылармен кездесу барысында түсіндіру жұмысына пайдалану үшін тиісті министрліктердің өкілдерін шақырып отырмыз»,- деп бастап Мәжіліс Төрағасының орынбасары Г.Исимбаева жиналысқа қатысып отырған бірнеше министрдің орынбасарларын атап өтті.  

Елбасы тапсырмасына сәйкес денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, ұлттық экономика, білім және ғылым, ауыл шаруашылық министрліктері «Атамекен» палатасымен бірлесе отырып Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын  даярлаған.  Бұл бағдарлама Үкімет отырысында қабылданды. Бүгінгі фракция отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары Біржан Нұрымбетов аталған бағдарламаны  жақында өңірлерге шығатын Мәжіліс депутаттарына таратып айтып берді.

Вице-министрдің баяндауынша: Жаңа бағдарламаның негізгі мақсаты – халықты нәтижелі жұмыспен қамту. Бұл мақсат келесі үш бағыт бойынша жүзеге асатын болады:

Біріншісі. Қажетті мамандықтар және кәсіпкерлік мамандықтар бойынша жаппай оқыту;

Еікншісі. Жаппай кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасау;

Үшіншісі. Еңбек нарығын дамыту.

Бағдарлама келесі топтарды қамтиды – жастары 15 – 45 аралығында, айлық табысы 60 мың теңгеден аспайтын өзін өзі қамтыған, жұмыссыз жүрген және кәсіби мамандығы жоқ басқа да азаматтар. Осы топарға  550 мың адам кіреді, олардың 84% ауылдық жерде тұрады.

Бағдарламаның негізгі ерекшелігі – қажет мамандықтар бойынша жаппай оқыту ұйымдастырып, азаматтарымыздың өз бетімен жұмыс табуына немесе өз ісін ашуына көмектесу.

Баяндамашы жаңа бағдарламаның қазіргі «Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасынан» айырмашылығын айта келе,  «бағдарлама бойынша біз азаматтарымызды жұмыс берушілердің тапсырыстары бойынша оқытып алып, сосын оқып алғандарды сол жұмыс берушілерге жұмысқа орналастыруын көздедік. Ал азаматтарымыздың жұмысқа сәтті орналасуына оқыту арқылы олардың нарықта қажетті мамандық пен шеберлік алғандары себеп болады деп есептейміз»,- дейді.

Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша «Жұмыспен қамту жол картасы» арқылы іске асатын жастарды, әйелдерді, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыру, әлеуметтік жұмыс орындарын құру, жастар практикасын ұйымдастыру сияқты іс әрекеттер атқарылатын болады. 

Азаматтарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша механизмдер арқылы жүзеге асатын болады. Қажет болған жағдайда үміткерлер Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша оқытуға жіберілетін болады.

Вице-министр: «Бағдарлама аясында еңбек ресурстары артық өңірлерден Үкімет белгілеген өңірлерге қоныс аудару жүзеге асады. Көшетін өңірлер ретінде: Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстары белгіленген. Баратын өңірлер ретінде: Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар  облыстары белгіленді.

Қоныс аударатындарға мемелекет тарапынан жол қаражатын жабатын субсидия төленеді. Үй салу мен жатақхана тұрғызудың орнына үй жалдауға және коммуналдық шығындарды өтейтін субсидия беріледіә,- деп мәлімдеді.  

Осы бағдарлама барысында азаматтарға жұмыс табу үшін, ал жұмыс берушілерге жұмыскерлер тауып беру үшін Бірыңғай электрондық Еңбек биржасы құрылады. Бұл жүйеге мемлекеттік органдардың ақпарат жүйелері, жеке жұмысқа орналастыру агенттіктерінің мәліметтер базасы және барлық жұмыспен қамту орталықтары қосылатын болады. Бағдарламаға  94 мың адам қамтылып, осы мақсатқа 25 млрд. теңге бөлінетіні күтілуде.

Жаңа бағдарлама арқылы 500 мың жаңа жұмыс орындары ашылып, өзін өзі қамтығандардың табыстары 36% ұлғайып, ал Жалпы ішкі өнім 0,8% өседі деген үміт бар.

Отырыста қаралған екінші мәселе -  «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысын салу бағдарламасы туралы  Ұлттық экономика министрінің орынбасары Айдар Арифханов баяндап берді. Министрліктің Құрылыс іс, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық және жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мархаббат Жайымбетов депутаттардың тақырыпқа қатысты сұрақтарына жауап берді.

Екі тақырып та фракция мүшелері арасында қызу талқыланып, О.Өксікбаев, Ш.Өтемісов, Н. Сабильянов, Г.Қарағұсова, М.Қазбекова, Б.Хаменова, Б.Смағұл, К.Абсатиров, М.Ерман, т.б. депутаттар белсене қатысты.

 

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 

 

 

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі