Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
11.01.2017

Мәжіліс депутаттары Ақмола облысы Сандықтау және Атбасар аудандарының тұрғындарымен кездесулер өткізді


Астана, 11 қаңтар.Мәжіліс Үйі.

Аймақтарға сапар барысында Парламент Мәжілісінің депутаттары Жанат Жарасов пен Ерсұлтан Бектұрғанов Ақмола облысы Сандықтау және Атбасар аудандарының тұрғындарымен бірқатар кездесулер өткізді.

Сандықтау ауданының Каменка ауылында Мәжіліс депутаттары «Каменка и Д» жауапкершілігі шектеулі кәсіпорнының қызметімен танысып, оның ұжымымен кездесу кезінде елімізде іске асырылып жатқан индустриялық-инновациялық жобалар туралы пікір алмасып, қысқаша ақпараттар берді. Кәсіпорын жетекшісі облыстық мәні бар «Мариновка-Мәдениет-Ұлан-Каменка-Петровка» тас жолын жөндеу жайында айтты.

Осы жерде депутаттар Ақмола облыстық білім басқармасы, "Сандықтау ауданы, Каменка ауылы, коммуналдық мемлекеттік мекемесі №2 Агротехникалық колледжінің" ұжымы және студенттерімен кездесті. Ашылғанына 50 жылдан артық уақыт өткен бұл колледждің қабырғасынан ауыл шаруашылығы саласының 20 мыңнан аса мамандары шыққан. Қазіргі кезде колледж ауыл шаруашылығына қажетті жүргізуші, тракторшы, аспазшы, қазандық операторларын дайындайды. Студенттерге барлық жағдай жасалған.

Өткен жылы «Жұмыспен қамту 2020 картасы» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеу жүргізілген. Оқу кабинеттері, шеберханалар, студент жатаханалары жөнделген.

Депутаттар Парламент Мәжілісінің заң шығару жұмыстары жөнінде, қабылданған заңдар мен бағдарламалар туралы әңгіме қозғады.

Атбасар ауданында «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының мүшелерімен болған кездесуге аудан әкімімен қатар, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, бизнес және бұқаралық ақпарат құралдар өкілдері қатысты. Оның барысында депутаттар уақытша тіркелу нормалары мен ережелері туралы ауқымды түсініктеме берді.

Сонымен қатар Атбасар аудандық филиалында азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдау өткізілді. Онда ардагерлердің жағдайы, жылу және сумен қамтамасыз ету мәселелері көтерілді.

Осы күні депутаттар «Қамқор-Локомотив» электровоз жөндеу зауытының ұжымымен кездесіп, оның цехтары және қоймаларымен танысты. 2017 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша зауытта 1322 адам жұмыс істейді. 2016 жыл қорытындысы бойынша орта еңбекақысы 112 мың теңгені құраған. Зауыттың бас директоры П.Рысбаев локомотивтерді күрделі жөндеу, оларға техникалық қызмет көрсету, жаңарту сияқты зауыттың жұмысын әңгімелеп берді.     

Осы кездесулерде Мәжіліс депутаттары атқарған жұмыстары, «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты Сайлауалды бағдарламасының жүзеге асуы туралы да әңгімеледі.

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі