Астана, 12 қаңтар, Мәжіліс Үйі. Бүгін Парламент Мәжілісі депутаттары еліміздің өңірлеріне жұмыс сапары шеңберінде Астана қаласының Орталық Сот сараптамасы институтына барды.
Бычкова Светлана Федоровна бастаған делегация құрамына Мусин Қанат Сергеевич, Козлов Евгений Алексеевич, Нұрманбетова Жәмилә Нүсіпжанқызы, Тілеухан Бекболат Қанайұлы кірді. Сот сараптамасы орталығы басшыларымен және Институт сарапшыларымен кездесу барысында оған қатысушылар сот сараптамасының өзекті мәселелерін талқылады.
Қатысушылар, ең алдымен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, ҚР Президентінің «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму», «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауларын іске асырудың негізгі аспектілерін талқылады.
Қазақстан Республикасы Парламенті қабылдаған жаңа заңнамалық актілердің ережелерін талқылауға ерекше көңіл бөлінді.
Бұдан бөлек С.Бычкова аудиторияның қызығушылығын тудырған «Сот-сараптама қызметі туралы» ҚР Заңының жобасын қарастыру жөніндегі жұмыс туралы айтып берді. Заң жобасы сот-сараптама қызметін жетілдіру үшін әзірленген. Сарапшылық функцияларды бір мемлекеттік органда орталықтандыру туралы нормалар Заң жобасындағы негізгі жаңашылдық болып табылады.
Жеке сот сарапшыларының институтын дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген, сондай-ақ Сот сарапшыларының палатасын құру көзделген. 2016 жылдың желтоқсанында заң жобасын Парламент Мәжілісі екінші оқылымда мақұлдады, қазіргі уақытта Жоғарғы Палатаның қарауында.
Өз кезегінде ҚР ӘМ ССО директоры И.Борчашвили қонақтарға Орталық қызметіндегі негізгі жетістіктер туралы айтып берді. Ол ең алдымен, бұл кездесудің Сот сараптамасы орталығының 20 жылдығы қарсаңында өтіп отырғандығын атап өтті.
Орталықтың маңызды бағыттарының бірі сот-сараптамасы зертханаларын аккредиттеуден өткізу және сот сараптамасы қорытындыларының халықаралық деңгейде танылуы болып табылады.
Сапар барысында қонақтар зертханаларды аралап көрді және Орталық сот сараптамасы институтының жарақтандырылуымен – сот сараптамасын жүргізу кезінде пайдаланылатын талдау құрал-жабдықтарымен танысты. Атап айтқанда, криминалистикалық, арнайы және химиялық-биологиялық зертханалардың мүмкіндіктері көрсетілді.
(ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі