Астана, 24 қаңтар.Мәжіліс Үйі.
Бүгін Мәжілісте алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің өкілеттіктерін іске асыру жөніндегі екінші сессияға арналған негізгі іс-шаралар жоспарына сәйкес Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту және азаматтардың шешімдер қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігін кеңейту мәселелері бойынша «Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспарының іске асырылу барысы туралы» (97, 98-қадамдар) тақырыбына арналған дөңгелек үстел өткізді. Оның жұмысына Палата Төрағасының орынбасарлары Гүлмира Исимбаева мен Владимир Божко қатысты.
Отырысты жүргізген Палатаның Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов «Парламент Мәжілісі қарап жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 28 қарашадағы Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасын одан әрі іске асыруға және жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 98-қадамды іске асыруға бағытталған.
Заң жобасы 2018 жылдан бастап тұрғындардың саны екі мың адамнан асатын аудандық маңызы бар қалаларда, ауылдарда, қенттерде, ауылдық округтерде, ал 2020 жылдан бастап барлық әкімшілік-аумақтық бірліктерде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізуді ұсынады.
Сондықтан бұл азаматтардың шешімдер қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етеді, ол жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуде тұрғындардың белсенділігін, қызығушылығын және жауапкершілігін арттырады.
Бүгінгі дөңгелек үстел қаралып отырған заң жобасын жан-жақты зерделеу, қазіргі бар проблемаларды анықтау мен оларды шешудің жолдарын табу мақсатында ұйымдастырылды. Мұны Үкімет пен жергілікті билік органдары олардың алдына қойылған жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізу жөніндегі міндеттерін сапалы атқаруы үшін жасау қажет.
Мынадай:
- бюджеттің төртінші деңгейін енгізуді қамтамасыз ету үшін Қазынашылықтың Ақпараттық жүйелерін жетілдіру;
- бюджетті жоспарлау, атқару және коммуналдық меншікті басқару мәселелері бойынша тиісті деңгейлерде әкімдер аппараттары мамандарын оқыту;
- дербес бюджет енгізілетін елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі мәселелер шешілуі тиіс»,- деп бастады.
Жергілікті өзін-өзі
басқаруды дамыту мәселелері бойынша «Бес институционалдық
реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт
жоспарының іске асырылу барысы туралы ҚР Ұлттық
экономика вице-министрі А.Н. Жұмағұлов пен ҚР
Қаржы вице-министрі
Б.Ш. Шолпанқұлов баяндама жасады. Сондай-ақ
дөңгелек үстелдің тақырыбы бойынша жергілікті
өкілді, атқарушы органдардың және
қоғамдық ұйымдардың өкілдері сөз алды.
Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов атап өткендей, бюджетті жоспарлап, оны орындауға қатысты, сондай-ақ, коммуналдық жекеменшікті басқаруға қатысты жаңа қызметтерді атқару үшін әкімдер мен аппарат қызметкерлерінің біліктілігін арттыру өте маңызды мәселе. «Зерде» оқыту орталығының базасында 2016 жылы 1381 ауыл әкімі немесе Қазақстандағы бүкіл ауыл әкімдерінің 56 пайызы оқудан өтті.
Жұмағұлов атап өткендей, заң жобасын қабылдау үшін ауыл әкімдері мен аппарат қызметкерлері бюджетті жоспарлап, орындау саласына, есеп жүргізіп, коммуналдық кәсіпорындарды құрып, басқару саласына қажетті білім мен дағдыға ие болуы керек.
«Әкімдер мен аппарат басшыларын оқыту үшін жаңа мақсатты бағдарлама іске қосылады. Ұлттық экономика министрлігі әкімдерді 4-ші деңгейлі бюджетпен жұмыс істеуге дайындау үшін жалпы үйлестіру жұмыстарын жүргізбек. Мемлекеттік басқару академиясының базасында АОО 36 оқытушысы дайындалып, оқытушылар мен әкімдерге және аппарат қызметкерлеріне арналған бюджеттік процесс пен коммуналдық меншікті басқару жөніндегі оқу-әдістемелік кешен дайындалады»,-деп хабарлады Жұмағұлов. Оның айтуынша, осы аталған оқытушылар дайындықтан өткеннен кейін, 14 аймақтық оқыту базасында ауыл әкімдері мен аппарат қызметкерлерін үйрете бастайды. Ал, семинарларға қатысқандардың жауапкершілігін арттыру үшін оқу аяқталғаннан кейін, алған білімдерін тексеру мақсатында электронды түрде тест алынады.
«Ақпан айында мемлекеттік басқару Академиясы АОО-ның 36 оқытушысы мен ауыл әкімдеріне және аппарат қызметкерлеріне арнап, оқыту бағдарламасы мен оқу-әдістемелік кешен әзірленеді. 2017 жылдың наурызында мемлекеттік басқару Академиясының базасында АОО-ның оқытушылары үшін 5 күндік курс басталады. Ал, 2017 жылдың сәуір-шілде айларының аралығында білімін жетілдірген сол оқытушылар АОО-ның базасында әкімдер мен аппарат қызметкерлерін үйретеді»,-дейді вице-министр.
Сондай-ақ, жаңа тағайындалған әкімдер мен аппараттың жаңа қызметкерлері үшін бұл курстар жүйелі түрде өтіп тұрады. Ұлттық экономика министрлігі сондай-ақ, қосымша ретінде, бюджет процесін ұйымдастыру және коммуналдық меншікті басқару салаларындағы мамандарды тарта отырып, оқытуға арналған видеороликтер түсіріп отырады. Бұл видео-сабақтар министрліктер мен әкімдіктердің ресми интернет-ресурстарына жарияланады, яғни, кез келген уақытта, онлайн-режимде қолжетімді болады.
Жұмағұловтың айтуынша, әкімдер сияқты, бухгалтерлік есеп пен құқықтық қамтамасыз ету мәселелерімен айналысатын қызметкерлер де мақсатты аудиторияға жатқызылады. 2000 адамнан астам халқы бар ауылдар оқытудың бірінші кезеңімен қамтылады. Қазір республика бойынша бұндай ауылдардың саны – 1066. Жалпы, 3198 мемлекеттік қызметшіні, соның ішінде, 1066 әкім мен 2132 аппарат қызметкерін оқумен қамту көзделген.
Отырыс барысында депутаттар жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізу және азаматтардың шешімдер қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігін кеңейту сондай-ақ, «Қазынашылық» және «Қазынашылық-клиент» біріктірілген ақпараттық жүйесін кеңейту, әкімдерді және жергілікті өзін-өзі басқару жөніндегі функцияларды іске асыратын мамандарды оқыту бойынша Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыру жөніндегі өзекті мәселелерді талқылады.
Дөңгелек үстелдің отырысына министрліктер мен ведомстволардың, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтерінің жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, сондай-ақ саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің және сараптама ұйымдарының өкілдері қатысып, ойларын ортаға салды.
Отырысқа қатысушылардың қатарында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының, Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының, Қазақстан азаматтық альянсының, Еуропалық құқық және Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары институтының, Ұлттық тұтынушылар лигасының және Қазақстан тұтынушылардың құқықтарын қорғау қорының өкілдері бар.
Сондай-ақ дөңгелек үстелдің жұмысына «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, «Аймақ» өңірлік дамуға және жергілікті өзін-өзі басқаруға жәрдемдесу қорының өкілдері де араласты.
(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі таратты.)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі