Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
25.01.2017

Мәжіліс ратификациялық заң жобаларын мақұлдады


Астана, 25 қаңтар, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті.

Депутаттар бірқатар ратификациялық құжаттарды талқыға салды. Соның бірі Түркиямен арнайы мақсаттағы бөлімшелердің оқу-жаттығуларын өткізу кезінде қабылдаушы Тараптың қолдау көрсетуі туралы өзара түсіністік туралы үкіметаралық меморандумды ратификациялау. Бұл Меморандум өткен жылы  Анкарада жасалған. Оның мақсаты оқу-жаттығуды өткізу уақытында тараптардың міндеттемелері мен жауапкершілігін, сондай-ақ, тараптар қарулы күштері арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің оқу-жаттығуын өткізу кезінде қабылдаушы тараптың қолдау көрсетуінің негізгі қағидаттарын айқындау.

Ал, жекелеген ережелері жіберушінің техникасын, қаруы мен оқ-дәрілерін әкелуге, ел ішінде алып жүруге және әкетуде қабылдаушының әуеайлақтарды, автомобиль және теміржолдарды ұсынуын, сондай-ақ оқу-жаттығу өту кезеңінде жіберушінің өтінімі бойынша қаруды, материалдық құралдарды, жабдық пен оқ-дәрілерді өтеусіз негізде ұсынуды көздейді.  

Оқу-жаттығулар тараптардың әскери органдарының өкілдері бекітетін  оқу-жаттығуларды өткізу жоспарына сәйкес өткізіледі.

Сондай-ақ, осы күні Польшамен адамдардың реадмиссиясы туралы  үкіметаралық келісімді ратификациялау туралы заң жобасы Палата тарапынан оң бағасын алды. 

Бұл заң жобасы екі мемлекеттің аумағына заңсыз келген, онда болған немесе тұрып жатқан уағдаласушы тараптардың азаматтары, үшінші мемлекеттердің азаматтары немесе азаматығы жоқ адамдар реадмиссиясының құқықтық және ұйымдастыру мәселелерін реттеуді көздейді.

Жалпы отырыс барысында депутаттар құзырлы органдарға сауал жолдап, мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына қатысатын кәсіпорындар үшін кадр даярлау, балалар денсаулығы, экология, жылу жүйелеріне қатысты өзекті мәселелерді көтерді. 

(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі