Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
02.02.2017

Мәжілісмендер Қарағандыда мемлекет саясатының бағыттарын түсіндірді


Астана, 2 ақпан.Мәжіліс үйі.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары – Нұрлан Әбдіров пен Мейрам Пішембаев Қарағанды қаласындағы құю-машина жасау зауытының жұмысшыларымен кездесті.

Мәжілісмендер Елбасының Қазақстан халқына жолдаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын және мемлекеттік билік тармақтарының арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу жөніндегі Үндеуін жұмысшыларға таратып айтып берді.

«Мемлекет Басшысының халыққа жолдайтын Жолдаулары мемлекетімізді, құндылықтарымызды, басымдықтарымыз бен ортақ мақсаттарымызды айқындайды. Қазір еліміздің басты мақсаты – Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіру. Осы мақсатқа жету үшін бізде адами потенциал да, өңірлерді, салаларды дамытудың нақты бағдарламалары да бар. Биылғы Жолдауда Қазақстан экономикасын озық технологиялармен жетілдіруге, жаңартуға, инновациялық салада күшті серпін беруге басты назар аударылған, - деді Нұрлан Әбдіров.

Депутаттар индустрияландыру, инфрақұрылымды дамыту, бизнесті, агрокәсіптік кешенді, білім, денсаулық сақтау салаларын қолдау шаралары туралы айтты.

Қазақстанның өз дамуының жетістіктері туралы айтқанда, депутаттар еліміздің басты жетістіктері, мемлекеттік мақсаттарды орындаудағы мемлекеттік басқару жүйесінің ролі туралы атап өтті. «Тәуелсіздікке қол жеткізген 25 жыл ішінде Президенттік мықты биліктің арқасында атқарушы және өкілетті тармақтардың нақты жұмысы қалыптастырылды, экономиканың өсуі қамтамасыз етілді. Ал қазір, жаңа заман, жаңа стратегиялық міндеттер мен мемлекеттің жаңа даму кезеңі. Осының барлығы қоғамды одан әрі демократияландыруды, яғни Парламент тарапынан мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына бақылауды күшейтуді, атқару органдарының жауапкершілігін жоғарлатуды талап етеді», - деді Мейрам Пішембаев.

Кәсіпорын жұмысшылары да Президенттің Жолдауы мен мемлекеттік билік тармақтарының арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу жөніндегі Үндеуінде қойылған міндеттер мен реформалар туралы өз ойларын жеткізді: «Парламенттің бақылау функцияларын күшейту – бұл өте керек нәрсе деп ойлаймын. Мемлекет барлық салаларды дамыту үшін көп қаражат бөліп жатыр. Осы қаражаттың қалай және қаншалықты тиімді пайдаланылып жатқанын депутаттар білуі қажет. Олар Президент тапсырмаларының орындалу сапасына ықпал етулері қажет», - деді кәсіпорынның бесінші разрядты фрезеровщигі - Денис Попов.

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі