Астана, 7 ақпан, Мәжіліс Үйі. Бүгін «Жас Отан» Жастар қанаты Астана қалалық филиалы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Президент өкілеттіліктерін билік тармақтарына бөлу туралы үндеуін және «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауын талқылау үшін жастармен кездесу өткізді.
Іс-шараға
Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаттары
Павел Казанцев, Жәмилә Нұрманбетова, Бақытжан
Әбдірайым, Жексенбай Дүйсебаев, Зағипа Балиева, С.Сейфуллин
атындағы Қазақ агротехникалық университеті
ректорының бірінші орынбасары Айтжан Әбдіров және студенттері
қатысты.
Кездесуге қатысушылар Мәжіліс депутаттарына ойландырған сұрақтарын қоя алды. Атап айтқанда, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің 3 курс студенті Айсұлтан Бағдат уақытша міндетті тіркеу заңына байланысты сұрағын қойған болатын.
- Уақытша міндетті тіркеу заңы енгізілгеннен бері пәтер жалдап тұрушы студенттерге ауыр тиді. Пәтер иелері тіркеуге тұрғызғаны үшін пәтерақыны жоғарылатуда, ал кейбір пәтер иелері тіркеуге тұрғызбаймыз деп пәтерлерінен қууда. Осы мәселені шешуге қандай көмек бере аласыздар?-деді ол.
- Олар заң бойынша сізді тіркеуге міндетті. Егерде тіркеуден бас тартып жатырған жағдайларда сіз бізге шағымданыңыз, - деп жауап қайтарды ҚР парламент Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева.
Сонымен қатар, кездесуде Ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа реформасы, білікті мамандардың жетіспеуі, қажетті технологияларды сатып алуға қаражаттың аз бөлінуі туралы сұрақтар қойылды.
(Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі таратты)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі