Астана, 8 ақпан, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Алматы облысына жұмыс сапары аясында «Хильниченко и К» коммандиттік серіктестігінде болып, Ескелді ауданы, Қарабұлақ ауылы халқымен кездесті.
Кездесуде Мәжіліс Спикері Елбасының билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу туралы Үндеуі мен биылғы дәстүрлі Жолдауына айрықша көңіл бөліп, болашақ маңызды міндеттерді түсіндірді.
«Хильниченко и К» коммандиттік серіктестігі - 567 шаруашылықтың басын қосып отырған ірі қожалық. Иелігіндегі 39 мың гектар жердің 37 мыңын ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланады. Қант қызылшасын өсіруге ерекше ден қойған шаруашылық биыл 333 гектар жерге аталған көкөніс түрін еккен.
Н. Нығматулин Жолдаудың аграрлық секторды қолдауға серпін беретінін айтып, осы жолдағы басым бағыттарға тоқталды.
Ал, ауыл халқымен жүздесуде Жолдаумен бірге, саяси жүйені реформалау мәселесіне де көңіл бөлген Палата Спикері ең әуелі тиімді президенттік басқарудың арқасында 25 жыл ішінде жеткен толағай табыстарға тоқталды. Ол жүйе Қазақстанды барлық қиындықтардан аман алып шығып, әлем таныған әйгілі мемлекетке айналдырды.
Ал, жаңа реформа осы даму жолымыздың заңды жалғасы бола отырып, елді басқарудың жаңа талаптарға төтеп бере алатын, тиімді, тұрақты, заманауи жүйесін құруды қамтамасыз етпек.
Кездесу барысында ауыл халқын толғандырған әлеуметтік мәселелер де назардан тыс қалмады.
Бұл тақырып Мәжіліс Төрағасының аудандық емхана өкілдерімен кездесуінде де әңгіме өзегіне айналды.
Алматы облысына сапары турасында Н. Нығматулин:
- Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саяси реформаға арналған Үндеуі және биылғы тарихи Жолдауы Алматы облысында да үлкен қолдауға ие болды. Осы кездесулер біздің Президентіміздің жаңа даму бағыттары халқымызға ерекше серпін беретінін дәлелдейді. Осы қолдау, осы сенім алдағы биік мақсаттарға жетудің басты кепілі екені сөзсіз,-деді.
Мәжіліс Спикері атап өткендей, Елбасының барлық бастамалары қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға, басқару тиімділігін арттыруға, ұзақмерзімді экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталғанын сайлаушылар жете түсінеді, сондықтан бүкілхалықтық қолдауға ие болуда.
(ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі