Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
10.02.2017

Мәжіліс депутаттары теміржолшылармен кездесті


  Астана, 10 ақпан . Мәжіліс Үйі.

 Қазақстан Республикасы  Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бақытгүл Хаменова, Марат Бопазов, Нұрлан Дулатбеков, Геннадий Шиповских «ҚазақстанТемірЖолы» Ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы ұжымымен кездесіп, Елбасы Жолдауын насихаттады.

    «Елбасы тағы бір келешекке сеніммен қарышты қадам  бастыратын жаңа бастама ұсынды.  «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдаудағы халық игілігі үшін атқарылар ауқымды шаралар,  жүзеге асырылар кешенді жобалар көңілді қуантты. Бұған дейінгі жалпыұлттық мәні бар стратегиялық бағдарламалардың жалғасы іспетті бұл Жолдауда да кем-кетігіміз сарапталып, кемшін тұстарымызды толықтырар іс-шаралар айқындалған. Аталған Жолдау –  орасан жаңа мүмкіндіктер, Елбасының өз сөзімен айтар болсақ, «өмір сапасының қазақстандық үлгі-қалыбын қалыптастыруға»  апарар  даңғыл жол» - деді өз сөзінде топ жетекшісі Бақытгүл Хаменова.

    Орайы келген басқосуда теміржолшылар Мәжіліс депутаттарына өз сауалдарымен қатар ұсыныс-тілектерін де жолдады.  Мәселен,  Елбасы Жолдауында биыл республикалық маңызы бар 4400 шақырым автожол құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Жыл соңына дейін соның кем дегенде 600 шақырымы пайдалануға беріліп, кезең-кезеңімен ақылы жүйе енгізіледі - деді. Осы игілікті бастама Атырауда да жүзеге асырылса,   халықтың  қатынауына үлкен қолайсыздық туғызып отырған Атырау-Астрахань тасжолы жөндеуден өтсе, жұртшылық бөрігін аспанға көтеріп қуанар еді -  деген тілектерін айтты.   Бұдан басқа жиналғандар мәжілімендерге  медициналық сақтандыру, Жолдауда көрсетілген  шағын несие, зейнетақы мәселелесі жөнінде өздерін толғандырған сауалдарын қойды.

    Айта кету керек, ұлттық логистикалық оператор ретінде қазір «ҚазақстанТемірЖолы» компаниясы акционерлік қоғамы «Қазақстан-2050» стратегиялық жоспарында көрсетілген  Қазақстанның транзиттік  әуелеті мен транзиттік тасымал көлемін 2020 жылға дейін 2 есеге, 2050 жылға дейін 10 есеге көбейтуді жоспарлап отыр.   

  (Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі