Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
27.02.2017

Мәжілістегі ҚХА тобының отырысында Үндеуден туындайтын міндеттер талқыланды


Астана, 27 ақпан, Мәжіліс Үйі.

Бүгін, Парламент Мәжілісіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті, онда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді бөлу мәселелері бойынша Үндеуінен туындайтын міндеттер талқыланды. Оның жұмысына  Вице-спикер Владимир Божко қатысты.

                Мәжіліс депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының жетекшісі   Сауытбек Абдрахманов «Конституциялық реформа – Қазақстанның демократиялық дамуындағы бетбұрыс кезең»,- деген тақырыпты таратып баяндама жасады. Ол өз сөзінде қолға алынып жатқан мемлекеттік билік реформасы Қазақстан қоғамын демократияландыру стратегиясын тиянақты жүзеге асырудың көрінісі екендігін айтты. «Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин атап өткеніндей, Елбасы халыққа Үндеуінде болашақ өзгерістерді болжай білетін бөлекше қасиетін ғана емес, дамудың ең оңтайлы жолдарын таба алатындығын да көрсетіп отыр. Мемлекет басшысының Үндеуінен туындайтын міндеттерді орындауда Қазақстан халқы Ассамблеясына ерекше жауапкершілік жүктеледі, өйткені конституциялық реформаны қоғамдық келісім мен халықтың топтасуы жағдайында ғана ойдағыдай жүзеге асыруға болады»,- деді депутат.

Отырыста Парламент Мәжілісінің депутаттары Снежанна Имашева, Екатерина Никитинская, Магеррам Магеррамов, Владимир Божко, Ахмет Мұрадов, сөз сөйлеп, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Үндеуін осы заманғы әлемдік саясатта болып көрмеген құбылыс деп бағалады, өздерінің таяуда ел өңірлеріне шыққан іссапарларының әсерлерімен бөлісіп, Мемлекет басшысы бастама жасаған конституциялық реформаға жұртшылық толық қолдау көрсеткенін айтып берді.

Отырыста Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Божко қорытындылады. Мәжіліс депутаты, ҚХА депутаттық тобы жетекшісінің орынбасары Юрий Тимощенконың алтыншы шақырылымның екінші сессиясының бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыс туралы хабарламасы тыңдалды.

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі