Астана, 3 мамыр, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Палатаның жалпы отырысында Мәжіліс денсаулық сақтау мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Онда мөлшерлемелерді және аударымдар мен жарналарды есептеу нысандарын өзгерту, сондай-ақ төлеушілердің жаңа санаттарын, олар үшін жарналарды мемлекет жүзеге асыратын жаңа адамдардың санаттарын енгізу, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысын ұйымдастыру және міндетті әлеуметтік сақтандыру мен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі жүйесінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері тұрғысында түзетулер қарастырылып отыр.
Медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жарналардың мемлекет төлейтін адамдар санатында 4 жаңа санатты қосу ұсынылады. Оған жұмыс істемейтін 18 жасқа дейін мүгедек балаға күтімді жүзеге асыратын азаматтар, жұмыс істемейтін оралмандар, Қазақстан аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, үш айдың ішінде орта техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары білімнен кейін білім беру ұйымдарында оқуды аяқтаған адамдар қамтылып отыр.
Заң жобасы бойынша Мәжіліс төрағасы әсіресе, ақпараттық жүйенің дайындығына баса назар аударды. Палата Спикері жыл басында ХҚО-ларда азаматтарды тіркеудің жаңа тәртібін жүзеге асыру кезіндегі қателіктерді қайталамау үшін алдын-ала барлық тәуекелдерді назарға алу керектігін айта келіп:- жыл басында азаматтарды тіркеу барысында қандай дүрлігу болғанын білесіздер. Осыған байланысты, «Азаматтарға арналған үкіметке», әкімдіктерге Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен бірлесіп, жаңа жүйеге халық дайын болатындай жұмыстарды қолға алу керек. Және алдағы күзге дейін медициналық мекемелерге тіркелген азаматтардың медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебесімен бірге тізімі болуы үшін бұл жұмыстарды медициналық қызметкерлерден бастау керек, - деді.
Сондай-ақ, осы күні Мәжіліс «2015 жылғы 8 қыркүйектегі «Табиғи теріден жасалған киім заттары, киімге керек-жарақтар және өзге де бұйымдар» тауар позициясы бойынша тауарларды бақылау (сәйкестендіру) белгілерімен таңбалауды енгізу жөніндегі пилоттық жобаны 2015 – 2016 жылдары іске асыру туралы келісімнің қолданылу мерзімін ұзарту жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.
Ал, жол жүрісіне қатысты заң жобасы екінші оқылымда депутаттар қолдауына ие болды.
Палата Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша түзетулерге, сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасындағы қызметтік және азаматтық қаруды өткізу туралы келісімді ратификациялауғак қатысты заң жобалары бойынша бейінді комитеттерге қорытынды әзірлеу мерзімін тағайындады.
(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі