Астана, 23 мамыр 2017 ж.
ҚР Парламенті Мәжілісінің төрайымы Гүлжан Қарақұсованың жетекшілігінде «Самұрық-Қазына» АҚ-да мемлекеттік ресурстарды қолданудың тиімділігі туралы» тақырыбына арналған дөңгелек үстел өтті.
Халық қалаулылары алдында баяндама жасаған «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев атап өткеніндей, Қор 2016 жылды оңтайлы қаржылық нәтижемен аяқтады. Атап айтқанда, акционер үлесіндегі шоғырланған таза пайда өткен жылдың қорытындысы бойынша 455 млрд теңгені құрады, бұл 2015 жылғы көрсеткіштен 292 млрд теңгеге немесе 1,8 есе артық. Мұндай нәтижеге қол жеткізу табыстарды ұлғайту мен шығындарды жүйелі түрде азайту есебінен мүмкін болды. Ал Қордың стратегиялық көрсеткіші болып табылатын таза активтердің құны 6,8 трлн теңгеден асып, 2015 жылдағыдан 7% өсті. Меншікті капиталдың тиімділігі 2015 жылы 3,3% құраса, 2016 жылдың соңында 5,5% жетті.
Бұған қоса Мәжіліс депутаттарына «Самұрық-Қазына» активтерін жекешелендіру бағдарламасының жүзеге асу барысы туралы ақпарат берілді. Бұл бағдарлама аясында Қор тобының 215 нысаны бәсекелестік ортаға тапсырылады. Бүгінде Экономиканы модернизациялау мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия 151 активті сату тәсілдерін бекітті, оның ішінде 132-і Қор құрамынан шығарылды. Қазіргі таңда Қор Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында сатылуға тиісті өзге активтер бойынша даярлық жүмыстарын жүргізуде.
«Самұрық-Қазына» корпоративтік орталығын трансформациялау үрдісі аяқталуға жақын. Қор өз активтерін Директорлар кеңестері арқылы және қызметтің негізгі көрсеткіштеріне сүйеніп басқаратын стратегиялық холдинг/белсенді инвестор ретінде жұмыс істейді.
Жалпы 2014 жылы бастау алған трансформация бағдарламасының нәтижесінде бүгінде 6 ұлттық компания – Қазақстан темір жолы, ҚазМұнайГаз, Қазатомөнеркәсіп, Самұрық-Энерго, KEGOC және Қазпошта 130-дан аса трансформация жобасын жүзеге асырады. Жалпы Қор компаниялар тобында трансформация жобаларынан түсетін экономикалық пайданың жиынтық көлемі 1 трлн теңгеден асады деп күтілуде.
Палатаның Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов баяндама жасады.(назарларыңызға депутат сөзін беріп отрымыз)
«1. «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына жолдауында Елбасы мемлекеттің экономикадағы үлесін ішкі жалпы өнімнің 15%-ына дейін, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдері деңгейіне дейін төмендету экономикалық өсімге тың серпін беруге тиістігін және квазимемлекеттік сектордың субъектілерінің жұмыс істеуінің тиімділігін арттыру қажеттілігін белгіледі.
Осыған орай, Елбасы Жолдауда мемлекеттік холдингтер рөлін қайта қарастыру және басқарушылық және өндірістік бизнес үдерістерін толық ревизия мен оңтайландырудан өткізу арқылы «Самұрық-Қазына» холдингін сапалы түрде трансформациялау ісін жүзеге асыруды тапсырды.
Республикалық бюжеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мәліметтері бойынша соңғы үш жылда заңды тұлғалардың санының азаюы байқалады, 2013 жылмен салыстырғанда 2016 жылы олардың саны 17 пайызға азайған.
Соған қарамастан, бюджеттен қаржыландырылып отырған көптеген кәсіпорындар, олардың ішінде квазимемлекеттік сектордың субъектілері бар. Бүгінгі қойылып отырған міндет – осындай кәсіпорындардың санын азайту.
2. «Самрұқ-Қазына» ҰӘҚ» АҚ 2015 жылы 304 млрд. теңге пайда көрді, оның негізгісі 683 млрд. теңге сомасының бағамдағы айырмасы арқылы келді.
2016 жылы Қордың пайдасы 575 млрд. теңге болды, мұнай-газ және кен өндіру секторларының қызметі есебінен – 510 млрд. теңге, телекоммуникация секторы есебінен – 56 млрд. теңге.
Бірлескен кәсіпорындар мен ассоциаланған компаниялардың пайдадағы үлесі 2015 жылы – 149 млрд. теңгені құрады. Ал 2016 жылы ол артып, 356 млрд. теңгені құрады. Бұл, әлбетте, Қор жұмысының оң нәтижесі.
Сонымен қатар, соңғы бес жылда квазимемлекеттік сектордың жеке субъектілерінің активтерді басқару тиімділігінің төмендеу динамикасы байқалады.
Осылайша, «Самрұқ-Қазына» ҰӘҚ» АҚ активтерінің тиімділік коэффициенті 2012 жылғы 7 %-дан 2016 жылы 2,6 %-ға немесе 2,7 есе азайды. Меншікті капиталдың тиімділік коэффициенті 2016 жылы 2,8 есеге азайды.
3. Сонымен қатар, 2016 жылы Қордың қарыз сомасының алдыңғы жылмен салыстырғанда 1 трлн. 352 млрд. теңгеге азайғанына қарамастан, қарыз сомасы 2016 жылы 9 трлн. 938 млрд. теңгені (29,8 млрд $) құрап отыр (квазимемлекеттік сектордың барлық қарыздарының 70% шамасында), оның ішінде Үкімет қарызы – 3 трлн. 52 млрд. теңге, өзге де қарыздар – 6 трлн. 889 млрд. теңге (20,6 млрд $).
Ал, 2016 жылы «Самрұқ-Қазына» ҰДҚ» АҚ тобының қарыздар мен шығарылған борышқорлық бағалы қағаздар пайыздарына 320 млрд. теңге жұмсалды.
Бұл Қор үшін өте үлкен салмақ.
Сонымен қатар, «Самрұқ-Қазына» ҰӘҚ» АҚ тобының кредит мекемелеріндегі қаражаттары 01.01.2017 ж. 2 трлн. 354 млрд. теңгені немесе 01.01.2016 ж. қарағанда 195 млрд. теңгеге артық сомманы құрады. Кредит мекемелеріндегі қаражаттар, ақшалай қаражаттар мен олардың баламасы бойынша сыйақылар 2016 жылы 124 млрд. теңгені құрады.
Қордың қарызды өтеуге қызмет көрсетуіне үлкен ақша соммасы жұмсалатынын, Қор компанияларының төлеуге қабілетсіздік жағдайында қарызды төлеу бюджет есебінен жүзеге асатынын ескере отырып (Қордың бірден-бір акционері ҚР Үкіметі болғандықтан), алынған табыстарды, бос қаражат пен пайданы қарыздарды өтеуге жұмсау қажет.
Сонымен қатар, 4 трлн. 450 млн. теңгені құрайтын 5 жылға дейінгі қарыз мөлшеріне назар аудару қажет – бұл үлкен сомма және шешілуді талап ететін үлкен мәселе.
4. Әрі қарай. Соңғы үш жылда квазимемлекеттік сектордың субъектілерінің жарғылық капиталдарын толтыруға республикалық бюджеттен 948,5 млрд. теңге бөлінді, олардың көп бөлігі уақтылы игерілмейді және қолма-қол ақшаның бақылау шоттарында орналасқан.
Осылай, 01.01.2017 ж. квазимемлекеттік сектордың субъектілеріндегі қалдықтар 113 млрд. теңгені құрады. Сондықтан да, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жарғылық капиталдарын бюджеттік қаражаттар есебінен толтыруды тоқтату қажет.
Бұл бағытта «Самрұқ-Қазына» ҰӘҚ» АҚ бірнеше жылдар бойы бюджеттен қаржыландырылмайтын және қаражаттарды облигациялар шығару арқылы тартатын Малайзиядағы «Темасек Холдинг» компаниясының тәжірибесін қабылдау қажет.
5. 2016 жылы Есеп комитетімен квазимемлекеттік сектордың 87 объектісінде аудиторлық іс-шаралар өткізілді. Олардың нәтижелері бойынша таза пайданы төлеуден кейін квазимемлекеттік сектор субъектілерінде бірнеше жылдар бойы депозиттік шоттарда орналасқан және экономиканың жетекшілік етілетін салаларына бөлінбейтін уақытша бос ақшалай қаражаттардың едәуір көлемі қалатыны анықталды.
2015 жылы мемлекетке 34 млрд. теңге дивиденттер төленсе, 2016 жылы сомма азайып 10 млрд. теңгені құрады.
Парламент депутаттарымен мемлекеттік акциялар пакетіне дивиденттер соммасын арттыру мәселесі бірнеше көтерілді.
Құрметті депутаттар мен шақырылғандар!
Бүгінгі біздің отырысымыздың тақырыбы «Самрұқ-Қазына» ҰДҚ» АҚ-да мемлекеттік ресурстардың қолдануының тиімділігі болып отыр.
«Қазпочта» АҚ мысалында біршама аз уақыт ішінде шебер менеджмент пен ойластырылған маркетинг пайдаға (2016 жылы – 953 млн. теңге, 2015 жылы – 3,2 млрд. теңге) және бір қарағанда қымбат ресурстар айналмайтын, тиімділігі төмен салада дамуға алып келгендігін көруге болады.
Осы баяндамамның соңында Самрұқ-Қазына Қорына үлкен табыстарға жетуге тілектеспін».
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаттары - Қаржы және бюджет, Экономикалық реформа және аймақтық даму комитеттерінің мүшелері, «Самұрық-Қазына» АҚ топ-менеджерлері, Қордың қоржындық компанияларының басшылары, «Самұрық-Қазына» АҚ сараптамалық-консультативтік кеңесінің өкілдері қатысты.
(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі таратты.)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі