Астана, 24 мамыр. Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Палата жуырда өткен Конституциялық реформаларды қамтитын маңызды заң жобаларын талқылап, мақұлдады.
Депутаттар назарына алғашқы болып ұсынылған құжат еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне оларды Конституция нормаларына сәйкес келтіру мәселелеріне қатысты болды. Тақырып бойынша Әділет министрі Марат Бекетаев баяндама жасады.
Атап өткендей, заңнамалық актілерді Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес келтіру мақсатында 7 кодекс пен 46 заң қайта қаралған. Мысалы, Конституцияның 10-бабының 2-тармағына сәйкес келтіру үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық-атқару кодекстеріне, «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы», «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы», «Халықтың көші-қоны туралы», «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» заңдарға өзгерістер енгізілген.
Мәселен, Қылмыстық кодекстің 21 бабына азаматтықтан айыру түріндегі қосымша қылмыстық жаза енгізу көзделеді. Осылайша, Қылмыстық кодекстің 10 бабында көзделген 14 аса ауыр террористік қылмыстар құрамы бойынша қосымша жаза ретінде азаматтықтан айыру ұсынылып отыр. Мысалы, терроризм актісі үшін, террористiк топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысқаны үшін және тағы басқалар. Министрдің айтуынша, «Ұлттық қауіпсіздік туралы» Заңға сәйкес негізгі ұлттық мүдделерге конституциялық құрылыстың тұтастығы жатады. Бұл ұғымға елдің тәуелсіздігі, бiртұтастығы және президенттiк басқару нысаны кіреді. Қазақстан Республикасының негізгі ұлттық және өмірлік маңызы бар мүдделеріне ауыр зиян тигізетін қылмыстарға 11 бапта көзделген 16 түрлі қылмыс құрамдары кірді.
Тағы бір айта кетерлігі жеті заңның нормаларында "ұлтаралық" деген сөз, "конфессияаралық" деген сөзбен толықтырылатын болады. Осы заң жобасы бойынша Мәжіліс депутаты, Заңнама және сот- құқықтық реформа комитетінің мүшесі Анар Жаилғанова негізгі заңның 91-бабының 2-тармағын іске асыруға қатысты нормалар заң жобасының жаңашылдығы болып табылатындығын атап өтті. Ата Заңға сәйкес, Конституцияда белгiленген мемлекеттiң тәуелсіздігі, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның Негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптері және оның мәртебесі өзгермейді.
Конституцияның 81-бабын іске асыру мақсатында заң жобасымен Қазақстан Республикасының Азаматтық-процестік кодексіне инвестициялық дауларға қатысты түзетулер ұсынылып отыр.
Конституцияның 83-бабына сәйкес келтіру мақсатында, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік, Азаматтық-процестік және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстеріне сот қаулыларына апелляциялық тәртіппен прокурорлық ден қою актілеріне қатысты өзгерістер енгізілген. Енді прокурор бұрынғыдай апелляциялық наразылық білдірудің орнына апелляциялық тәртіппен өтінішхат келтіреді. Осындай жаңашылдықтарды қамтыған заң жобасы Мәжіліс тарапынан бірінші оқылымда мақұлданды.
Осыдан кейін депутаттар мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелерін талқылады. Бұл заң жобасымен төрт кодекске және жиырма екі заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу көзделеді. Ол екі бағытты қамтиды. Біріншісі, Үкіметке Президенттің экономикалық үдерістерді реттеу саласындағы өкілеттіктерін, екіншісі Президенттің әлеуметтік маңызы бар кейбір өкілеттіктерін, үшіншісі Президенттің кейбір ұйымдастырушылық сипаттағы өкілеттіктерін беруді көздейді.
Мәжіліс депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Снежанна Имашеваның айтуынша, билік тармақтары арасындағы өзара іс-қимыл мен мемлекеттік басқару жүйесінің жаңа тетіктері мемлекеттің тиімділігін арттыруға, экономикалық жағдайды жақсартуға және халықтың әлеуметтік қорғалуын анағұрлым жоғары деңгейге көтеруге тиіс. Осылайша, заң жобасы Үкіметке соның жағдайында жұмыс істеуге тура келетін жаңа болмысты құрады. Бұл Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы үндеуінде айқындалған бәсекеге қабілетті ұлттық экономиканы қалыптастыру мен дамыту жөніндегі мемлекеттік саясаттың логикалық жалғасы болып табылады.
Ал, Мәжіліс депутаттары тарапынан оң қорытындысын алған еліміздің конституциялық заңдарына түзетулер енгізуге қатысты конституциялық заң жобасы сегіз конституциялық заңға өзгертулерді қамтиды. Мәселен, "Президент туралы" Конституциялық Заңында Президент Парламент Мәжілісімен консультациялардан кейін Премьер-Министр енгізген ұсынумен Үкімет мүшелерін қызметке тағайындайды. Сонымен қатар, Парламент депутаттары Конституцияда бекітілген тәртіппен Үкімет мүшесін қызметінен босату туралы өтініш жасаған жағдайда, Президент оны қызметінен босатады.
Аталған заңнан, Президенттің заң күші бар жарлықтарды шығару, заң жобасын шұғыл деп жариялау,Үкіметке заң жобасын Мәжіліске енгізуді тапсыру,Үкімет актілерінің күшін жою сияқты заң шығару функциялары алып тасталады. Ал, "Тұңғыш Президент - Елбасы туралы" Конституциялық заңында Қазақстанның Тұңғыш Президентінің "Елбасы" ретіндегі атауы мен мәртебесіне қатысты түзетулер енгізілмек.
"Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Конституциялық заң жаңа 22-1-бабымен толықтырылады. Ол Үкімет мүшелері кандидатураларын Мәжіліспен келісу тәртібін анықтайды. Консультациялар Мәжілістің тиісті бейінді комитеттерінде өтетін болады. Тиісті кандидатураларды Премьер-Министр, немесе ол өкілеттік берген лауазымды тұлға ұсынады. Әрбір талқыланатын кандидатура жөнінде Мәжілістің тиісті комитеті қорытынды шығаратын болады.
"Үкімет туралы" Конституциялық заңында, конституциялық түзетулерге сәйкес, Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдарды жою бойынша өзгерістер енгізіледі. Сонымен қатар, Үкіметтің Президент пен Парламент арасындағы қарым-қатынасын реттейтін нормалар бекітіледі. Үкімет Парламент Мәжілісінің өкілеттік мерзімі аяқталғанша қызмет етеді және жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің алдында өкілеттігін тоқтатады.
"Сайлау туралы" Конституциялық заңында сайлаушылар мен сайлау үдерісіне қатысушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында түзетулер көзделген. Мәселен, Президенттікке кандидатқа мемлекеттік қызметте немесе сайланатын мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жыл тәжірибесінің болуы, міндеттерін орындауға кедергі болатын аурулардың жоқтығын растау сынды қосымша талаптар қойылатын болады.
"Конституциялық Кеңес туралы" Конституциялық заңға қарастырылған өзгеріске сәйкес Президенттің адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты өтінішті Конституциялық Кеңеске жолдау құқығы көзделген.
"Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы" Конституциялық заңға судьялыққа кандидаттарға конкурстық талаптар белгіленеді. Оларды күшейту мақсатында аудандық сот судьясы кандидаттарының жасы қайта қаралады.
"Республикалық референдум туралы" Конституциялық заңға өзгертулер енгізіледі. Референдумда Республиканың біртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының мәртебесі мәселелері қарастырылмайды. Мәжіліс депутаты , Халықаралық Істер Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Қуаныш Сұлтановтың пікірінше талқыланып отырған заң жобасы Елбасының бастамашылығымен жүргізілген конституциялық реформаның заңды жалғасы. Осы ауқымды өзгерістерді де Ел Президенті өзі кіргізіп отыр. Конституциялық реформа халық тарапынан бұқаралық қолдауға ие болды. Конституциялық заңдарға енгізілмек жаңа өзгерістер негізінен заман талабына сай деп айтуға біздің толық негізіміз бар. Басты өзгерістер елімізде демократиялық құндылықтарды қалыптастырып, адам құқын сақтауды қамтамасыз етуге бағытталары хақ. Осы орайда мемлекетіміздің құзырлы құрылымдарының қызметін жаңа сапаға көтеру міндеті тұр алдымызда. Бүгінгі заң жобасы тікелей осы мақсатқа жауап береді.
Жалпы отырыста қаралған дипломатиялық қызмет туралы заң жобасына түзетулер дипломатиялық қызмет органдарының қызметін жетілдіруге бағытталады. Айта кетейік, соңғы 10 жыл ішінде Қазақстанның дипломатиялық қарым-қатынасы халықаралық аренада екі есеге өскен. Бүгінгі күні 64 елде Қазақстанның 92 шетелдердегі мекемесі, соның ішінде 57 елшілік, 4 тұрақты өкіл, 3 дипломатиялық миссия, 11 Бас консул және 17 консул қызмет етеді.
Осы күні депутаттар электр энергетикасы мәселелеріне қатысты заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Бұл құжат Ұлт жоспарының өңірлік электрожелілік компанияларды ірілендіруді көздейтін 51-қадамына сәйкес әзірленген. Осындай ірілендіру процесі тұтынушыларды энергиямен қамтамасыз ету сенімділігін арттыруға және электр энергиясын тарату шығынын төмендетуге тиіс.
Заң жобасын қарастыру барысында депутаттар тарапынан 250-ден астам түзетулер талқыланды. Ұсынылған түзетулер электр энергетикасы саласының тұрақты және мүлтіксіз қызмет етуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Жалпы отырыс соңында бірқатар халық қалаулылары құзырлы орындарға депутаттық сауалдар жолдады.
(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі