Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
26.05.2017

Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Батыс Қазақстан облысында өткен көшпелі отырысынан


Астана, 26 мамыр.Мәжіліс Үйі.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті Батыс Қазақстан облысында көшпелі отырыс өткізді.

Алтыншы  сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің екінші сессиясына арналған негізгі іс-шаралар жоспарына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Батыс Қазақстан облысында көшпелі отырысы өтті.

Көшпелі отырыс «Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының сәулет-құрылыс қызметі саласындағы бақылау және қадағалау жүйесін жетілдіру мәселелері жөніндегі 46, 47, 48 және 49-қадамдарының және «Нұрлы Жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының сумен жабдықтау бөлігінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту (реконструкциялау мен салу) бойынша іске асырылу барысымен танысу мақсатында өткізілді.

Ұлт Жоспарының 46-қадамына сәйкес рұқсат алу процесін оңтайландыру көзделген, бұл құрылысқа рұқсат алу мерзімдерін 60 күнге дейін қысқартуға және құрылысқа рұқсат алудың үш сатылы қағидаты арқылы рәсімдерді оңайлатуға мүмкіндік береді.

Ұлт Жоспарының 47-қадамын іске асыру үшін  сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі мәселелері бойынша Заңда жобалардың сараптамасын бәсекелес ортаға кезең-кезеңмен беру бөлігінде түзетулер енгізілді.

Халықаралық практикаға сәйкес 2015 жылғы 1 шілдеден бастап құрылыс құнын ағымдағы нарықтық бағаға сүйене отырып айқындаудың ресурстық әдісіне көшу қамтамасыз етілді. Бүгінгі күні сметалық-нормативтік базада бұрынғы базистік-индекстік әдістің 8 мың позициясының орнына құрылыс ресурстарының 50 мыңнан астам позициясы бар (Ұлт Жоспарының 48-қадамы).

Республикада еліміздің табиғи-климаттық және геологиялық жағдайларын ескеретін ұлттық қосымшалары бар, Еурокодтарға негізделген құрылыс нормаларының 58 жинағы қолданылып жүр, Еурокодтардың ережелері ескеріле отырып, жоғары оқу орындарына арналған жаңа үлгілік оқу бағдарламалары бекітілді, Еурокодтарды қолдану бойынша құрылыс саласының мамандары, сондай-ақ жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы үшін қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылды (Ұлт Жоспарының 49-қадамы).

«Нұрлы Жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде шығындары көп және авария жиі болатын сумен жабдықтау және су бұру желілерінің 60 мың км-ге жуығын жаңғырту көзделді. 

Батыс Қазақстан облысында 443 ауылдық елді мекен бар, олардың 164-і немесе 37 %-ы  орталықтандырылған сумен жабдықталған (орташа республикалық көрсеткіш 52,3 %), 275 ауылдық елді мекен орталықсыздандырылған сумен жабдықталған және 4 ауылдық елді мекен сырттан тасып әкелінетін суды пайдаланып отыр.

Көшпелі отырыс аясында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары облыстың Теректі және Бөрлі аудандарында сумен жабдықтау объектілерінің салыну барысымен танысып, Березовка және Бестау кенттерінің тұрғындарын қоныс аударту шеңберінде салынып жатқан объектілерді аралады, білім беру объектілеріне және облыстағы ірі кәсіпорындардың бірі «Теректі май комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды.

Көшпелі отырыстың қорытындысы бойынша 2017 жылғы  26 мамырда Орал қаласының «Достық» үйінде Батыс Қазақстан облысының жұртшылығы мен кәсіпкерлері өкілдерінің, сондай-ақ ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті, «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Қазақстан Республикасы Инжинирингілік компаниялар одағы, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ өкілдерінің қатысуымен Комитеттің кеңейтілген отырысы өтті.

Отырысты Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Сабильянов Нұртай ашты. Отырыста ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Р.В.Скляр сәулет-құрылыс қызметі және сумен жабдықтау саласындағы бақылау және қадағалау жүйесін жетілдірудің өзекті мәселелері жөнінде баяндама жасап, Комитеттің көшпелі отырысының тақырыбы бойынша мемлекеттік орталық және жергілікті органдардың, кәсіпкерлік орталардың өкілдері сөз сөйледі.

Депутаттармен кездесу барысында сәулет-құрылыс қызметі және сумен жабдықтау саласындағы бақылау және қадағалау жүйесін одан әрі жетілдіру мәселелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық базасын жетілдіру бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру және Батыс Қазақстан облысының елді мекендерін сумен жабдықтау жобаларын іске асыру жөніндегі мәселелер талқыланды.

 

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі