Астана, 29 мамыр.Мәжіліс Үйі.
Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Божконың жетекшілігінде «Нотариат және адвокатура институттарын одан әрі дамыту және реформалау» тақырыбында Үкімет сағаты өтті.
Парламентшілер аталған саланың проблемалық мәселелерін және оның шешу жолдарын талқылады.
Негізгі баяндаманы Қазақстан Республикасы Әділет министрі Марат Бекетаев жасады. Баяндама екі бөліктен болып, біріншісі адвокаттық сала, екіншісі нотариат қызметіне тоқталды.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров қосымша баяндамасында, талқыланып отырған екі бірдей институтты одан әрі жетілдіру және туындаған проблемаларды шешу отырыстың басты мақсаты болып табылатынын атап өтті.
«Бұл тақырыпты Үкімет сағатында Парламент қабырғасында алғаш рет қарап отырмыз! Осы талқылауға дайындық барысында Комитет мемлекеттік органдардан, адвокаттық және нотариаттық қоғамдастықтан келіп түскен ұсыныстарға талдау жасады. Үстіміздегі жылдың сәуір айында адвокатура мен нотариат институтын реформалау проблемаларына арналан екі дөңгелек үстел өткізілді.
Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру жолында бізге адал бәсекелестік жағдай, заңның әділдігі, үстемдігі және жоғары құқықтық мәдениет қажет. Мемлекеттің үкіметтік емес секторымен және бизнеспен өзара іс-қимыл жасауының жаңартылған құралдары керек.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Ұлт жоспарының заң үстемдігін қамтамасыз ету жөніндегі реформасы сауатты құқықтық саясат құруды талап етеді, қазіргі заманғы мемлекеттің тиімділігі осындай сауатты құқықтық саясатқа байланысты болады»,- деді заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы.
Үкімет сағатында адвокаттық контораның мәртебесін реформалау, құру тәртібі, адвокаттық контораға өз меншігіне мүліктік құқыққа ие болу мүмкіндігін қарастыру, нотариус пен адвокат кәсібіндегі тәртіп пен қол жетімділік, нотариаттық палата төрағаларының ауысуы, мүшелік жарна мен тағылымдамадан түскен қаражатын палатаның қаржылық қызметінде ашықтығын қамтамасыз ету жөнінде мәселелер талқыланды.
Бұған қоса, нотариустар мен адвокаттардың жауапкершілігін күшейту; адвокатурада сақтандыру жауапкершілігі жүйесін енгізу,Pro bono жүйесін енгізу; нотариустар мен адвокаттардың біліктілігін арттыру; Е-нотариат жүйесін жетілдіру және нотариустарда тағылымдамадан өту тәсілдерін қайта қарау талқыланды. Аталған мәселелер бойынша депутат Асылбек Смағұловтың сөзін назарларыңызға ұсынамыз:
Бүгінгі күні қоғамда халықтың адвокаттар мен заң қызметтерін көрсететін адамдарға деген сенімі өткір мәселе болып отыр.
Біздің бірқатар азаматтарымыздың оларға көңілі толмай, сенімсіздік танытуы заң қоғамдастығының білікті қызметтер ұсыну сапасының төмен болуынан болып отыр.
Адвокатура беделінің бір тірегі, ол – қоғамның сенімі. Бұл сенімге қол жеткізіп, оны ақтай білу, өз кәсіби борышын бүкпесіз, адал түрде, ешқандай бөтен ниетсіз орындау екені сөзсіз.
Мәселен, дамыған елдерде адвокаттар өзінің іскерлік абыройына аса қатты мән береді.
Ал адвокатураның қоғам алдындағы жоғары беделіне сөздің де, істің де кіршіксіз таза болуы арқылы қол жеткізуге болады.
Елімізде адвокаттар мен заң фирмаларының жұмысына, олардың кәсіби деңгейінің төмендігіне халықтан түсіп жатқан шағымдар саны көбейіп бара жатқанын жаңа алдымдағы баяндамашылар да талқылап кетті.
Көптеген адамдардың заң көмегіне ақы төлей отырып, олардың алаяқтық әрекеттері салдарынан алданып, қалып жатқан фактілерде жеткілікті.
Соңғы кезде неке-отбасы қатынастарынан туындайтын дауларды (атап айтқанда, ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу, баланың тұрғылықты жерін айқындау, алименттер төлеу жөніндегі мәселелерді) шешу кезінде кейбір адвокаттар мен заң фирмаларының алаяқтық жасауы көрініс тауып отыр.
Заң фирмалары көбінесе дауды немесе жанжалды шешудің балама жолын – медиация ресімін қолдану жөніндегі қызметтерді ұсынудың орнына, ерлі-зайыптыларды ажыратқаны үшін қомақты сома алып, істі сотқа жеткізуге мүдделі. Мемлекеттік баж бен адвокаттың қызметіне ақы төлеп сотқа жүгінудің медиаторға жүгінгеннен қымбатқа түсетінін бірі білсе, бірі біле бермейді. Медиациясының жаңа бағытта дамыту туралы Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев та үстіміздегі жылғы өткен Халықтар ассамблеясында сөйлеген сөзінде айтып кетті.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес некені сот тәртібімен бұзу ерлі-зайыптылар өтініш берген күннен бір ай асқанда іске асырылады.
Бұл жерде заңмен отбасын сақтап қалуға ешқандай мүмкіндік жоқ. Заңда отбасылық дауды соттан тыс шешу үшін міндетті шарттар көзделмеген.
Оның үстіне, заңда некені бұзудың жеңілдетілген тәртібі бар. Мұның өзі, халқымыздың отбасылық дәстүрлеріне сәйкессіз, аса қолайсыз тәртіп.
Заңда отбасылық мүліктік дауларды шешудің соттан тыс тетігі қарастырылмаған. Өкінішке орай көпшілік жас отбасылар қоғам, жақын-жуықтары мен туған-туыстары тарапынан қолдау мен түсіністік таппай, ажырасып жатады.
Осыған байланысты, заңда ерлі-зайыптылардың отбасылық дауларын міндетті түрде сотқа дейін реттеу жөнінде норма көздеу қажет. Бұл ретте екі тараптың да нақты талап-тілегін ескеру керек. Бұл екі тарап та сотқа жүгінгеннен гөрі өзара келіскен абзалырақ екенін түсінетін жағдайда болуы тиіс.
Адвокаттар немесе заңды тұлғалардың көрсететін қызметтер сапасының төмен болуы қолданыстағы заңнаманың кемшілігі де себеп болып отыр. Онда алаяқтық, сыбайлас жемқорлық жасап сотталған адамдардың заң қызметтерін көрсетуге тыйым салынбаған. Соның салдарынан осындай адвокаттардың клиенттері де, әріптестері де, құқықтық көмектің өзі де осыдан зардап шегіп отыр.
Сондықтан да, мен бұл тұрғыда Әділет министрінің пікірімен толық келісемін. Және де бұдан арғы жерде алаяқтық әрекеттерге жол бермеу мақсатында заң қызметтерін көрсету жөніндегі заң фирмаларының қызметіне міндетті түрде құқықтық реттеу мен бақылау орнатып, осы саланы әрі қарай жетілдіру қажет деп есептеймін.
Үкімет сағатына парламентшілерден басқа Жоғарғы Сот, Бас прокуратура, әділет, қаржы, ұлттық экономика министрліктерінің және де мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, сонымен қатар, нотариат және адвокатура қауымдастықтарының, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
Үкімет сағатының қортындысы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметіне, мүдделі мемлекеттік органдармен ведомстволарға ұсыныстар дайындалды.
(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі таратты.)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі