Астана. 4-шілде. Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Жапония Парламентінің Қазақстанмен достық лигасының төрағасы, Өкілдер Палатасының депутаты Такео Кавамура бастаған делегациямен кездесті.
Мәжіліс Спикері атап өткендей, Т. Кавамура беделді әрі танымал саясаткер, ұзақ жылдар Жапония Парламентінде Қазақстанмен достық лигасын басқарып, қазақстандық-жапондық қарым-қатынасты тереңдетуге зор үлес қосқан. Оның ЭКСПО көрмесіне арнайы келуі біздің елдеріміз ынтымақтастығының жоғары деңгейде екендігін көрсетеді.
Н. Нығматулин Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияны Қазақстанның Тынық Мұхит аймағындағы маңызды стратегиялық әріптесі ретінде бағалайтынын жеткізді.
Палата Спикерінің айтуынша Қазақстан мен Жапонияның бейбіт өмір жолындағы ұстанымдары ортақ. Осы ретте тараптар ядролық сынақ мәселесіне қатысты пікір алмасты.
Н. Нығматулин біздің еліміз солтүстік кореяның ядролық бағдарламасы төңірегінде мәселеге назар аударып, Жапон теңізіне бағыттап ұшырылған баллистикалық зымырандарға қатысты алаңдаушылық білдіріп отырғанын жеткізді.
Осыған орай мәртебелі мейман, Жапонияда Қазақстанның ядролық қаруды таратпау жөніндегі бастамаларын өте жоғары бағалайтынын айтты.
Кездесу барысында тараптар барлық сала бойынша қарым-қатынасты нығайтудың өзекті сұрақтарын талқылады.
Такео Кавамура ЭКСПО көрмесінен алған әсерлерімен бөлісіп, қазақ елінің қонақжайлық құрметі үшін алғысын жеткізді.
Мәжіліс Спикері меймандарға елімізде жүргізілген саяси реформа жайлы баяндап, Мәжіліс жұмысының басым бағыттарымен таныстырды.
Парламентаралық байланыс жайында кездесу иелері, достық топтар мен бейінді комитеттер арасындағы іс-сапарлар, кездесулер тәжірибе алмасумен қатар, екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарын зерделеуге жол ашатынын білдірді.
(Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Баспасөз қызметі)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі