Астана, 6 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бүгін Польша Президенті Анджей Дудамен кездесті.
Мәртебелі мейман біздің елімізге Елбасының арнайы шақыруымен келді.
Мәжіліс Спикері атап өткендей, Польша Президентінің бұл жолғы сапары өзара ынтымақтастықты тереңдетуге тың серпін беретін болады.
Польша Қазақстанның Орталық және Шығыс Еуропадағы маңызды саяси және экономикалық әріптесі болып табылады. Биыл екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толды. Осы уақыттар аралығында қос мемлекет арасында сындарлы байланыс орнап, ол жыл сайын тереңдеп келеді.
Н. Нығматулин Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылғы Польша еліне ресми сапары мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайтуға ықпал еткенін алға тарта келіп, экономикалық ынтымақтастық туралы қабылданған президенттер Декларациясының нәтижесінде 845 млн. АҚШ долларын құрайтын 15 инвестициялық жобаға қол қойылғанын атап өтті.
Тараптар барлық салада ықпалдастықты күшейту жолдарын әңгімелей келіп, әсіресе, қос мемлекеттің транзиттік мүмкіндігіне айрықша назар аударды.
Кездесу барысында ЭКСПО халықаралық көрмесінің маңызына да ерекше көңіл бөлінді.
Ал парламентаралық ынтымақтастық жайына келгенде Н. Нығматулин қазақстандық Парламент өкілдері екі мемлекет президенттері арасында қол жеткізілген барлық келісімдерді заңдық тұрғыдан қолдауға дайын екендігін жеткізді.
(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі