Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
14.09.2017

Ұлттық экономика министрлігі Кедендік реттеу туралы Кодекс жобасын таныстырды


Астана, 14 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте Нұртай Сабильяновтың төрағалығымен Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің отырысы өтті. Онда Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі депутаттарға «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодексінің жобасын таныстырды. 

«Өздеріңіз жақсы білесіздер алтыншы шақырылымындағы Парламенті сессиясының ашылуында Елбасымыз, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев Кеден кодексін қабылдаудың маңыздылығын атап өтті және де елімізге келетін импорт, экспортқа шығарылатын және басқа да туризм арқылы келетін адамдарға жеңілдік жасау қажет екенін атап өтті. Сондықтан да барлығымыз осы қаралып отырған заңды жан-жақты қарап, сапалы заң шығару қажет» - деді, Н. Сабильянов.

Өз сөзінде Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов:

 - Соңғы үш жыл бойы Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында Одақтың жаңа кодексінің жобасы әзірленгені өздеріңізге мәлім. Жұмыс мемлекеттік органдармен, бизнес қоғамдық өкілдерінің қатысуымен жүргізілді. Негізгі мақсат – бизнеске әкімшілік жүктемені азайту, яғни бизнес үшін маңызды көрсеткіштер уақыт пен қаржы үнемдеу, құжаттарды реттеу сияқты мәселелер қарастырылды.  

Қазақстан Республикасының Еуразиялық экономикалық комиссиясына 552-дей түзету жолданды. Бұл барлық түзетулердің 38 %-ы, бұлардың ішінде 65 % қабылданды. Ағымдағы жылдың 11 сәуірінде Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа бес елдің Президенті қол қойды. Одақтың жаңа кеден кодексі 2018 жылғы 1 қаңтарынан бастап күшіне енуі тиіс. Одақтың кеден кодексі одақтық нормативтік-құқықтық базасының негізгі құжаттарының бірі. Ол Кеден одағының қолданыстағы Кеден кодексін және басқа да бірқатар халықаралық келісімдерді ауыстырады. Кедендік реттеу жөніндегі негізгі тәсілдердің қайта қаралуына байланысты Одақтық кодекс айтарлықтай қайта өңделді» - деді.

Жобаны әзірлеушілердің айтуынша, Заң жобасында Экологиялық, Бюджет, Қылмыстық, Кәсіпкерлік кодекстеріне Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және бірқатар заңнамалық актілерге, оның ішінде:

Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде аванстық төлемдер үшін тиісті бюджеттерге түсетін түсімнің түрін айқындауға;

Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның жою кедендік рәсімімен жою мүмкіндігі туралы мемлекеттiк экологиялық сараптама қорытындысын беру жөніндегі тиісті құзыретін бекітуге;

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте Кодекс жобасының тиісті материалдық нормалары бойынша жауапкершілікті айқындауға қатысты өзгерістер енгізу көзделген.

Сол немесе өзге құқықтық қатынастарды толық реттеуге арналған нысаналы мәселелерді шешу қажеттілігімен қатар заңнамалық актілерге түзетулер енгізу аталған заңнамалық актілерде пайданылатын кеден заңнамасының терминологиясын өзектендіру қажеттілігіне негізделген.

Тұтастай алғанда, заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды.

Сонымен қоса, Үкімет Мәжіліске Қазақстан Республикасының «Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартты ратификациялау туралы» Заңының жобасын енгізді.

Шара соңында депутаттар кеден саласындағы өзекті мәселелер туралы бірқатар сұрақтар қойып, кеден саласын жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын білдірді.

Заң жобасының таныстырылымына «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясы, «Бірлік» саяси партиясы, қауымдастық және қоғамдық бірлестік мүшелері, Қазақстанның тауар өндірушілер одағы, Еуразиялық өнеркәсіп, Қазақстан қаржыгерлері, Қазақстанның салықтөлеушілері, Қазақстан экспедиторларының ұлттық қауымдастықтары мен «Қазақстандық тасымалдаушылар және вагон (контейнерлер) операторлары қауымдастығы», «KAZLOGISTICS» көліктік-логистикалық компаниясы» ЗТБ,  «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.

 

 

(74-63-01, Эльмира Башеева, Фото С. Майлыбаев. Ақпаратты Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі таратты).

 

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі