Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
18.09.2017

Қорғаныс министрлігі депутаттарға тұрғын үй қатынастары туралы заңжобасын түзетулермен таныстырды


Астана, 18 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте Палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті төрағасы М. Әшімбаевтың жетекшілігімен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» үкіметтік заң  жобасының таныстырылымы өтті.

Халық қалаулыларына Заң жобасы туралы кеңінен Қорғаныс министрінің орынбасары Әбілқайыр Сқақов баяндап, ұсынылған түзетулер Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери қызметшілерін тұрғын үймен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіруге бағытталғанын жеткізді.   

Жобаны әзірлеушілердің айтуынша, Заң жобасында тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр. Олар, атап айтқанда:

-Қолданыстағы заңнамада көзделген тұрғын үйді жалға алғаны (жалдағаны) үшін төленетін өтемақыны әскери қызмет мерзіміне қарамастан, тұрғын үймен қамтамасыз етуге мұқтаж әскери қызметшілердің барлық санаттарына (мерзімді қызмет әскери қызметшілерін, кадеттер мен курсанттарды қоспағанда) тұрғын үй төлеміне ауыстыру, бұл әскери қызметшілер арасындағы әлеуметтік әділеттілікті орнатады.

2013 жылғы 1 қаңтарда әскери қызмет мерзімі 10-нан 15 жылға дейін болған әскери қызметшілерге әскери қызметтің 20 жылынан кейін өтеусіз жекешелендіру құқығын қайтару. Осы норма әскери қызмет мерзімі 10-нан 15 жылға дейінгі және 15 және одан астам жыл болатын әскери қызметшілер санаттары арасындағы шектеуді алуға мүмкіндік береді.

Жекешелендіруге жатпайтын, оның ішінде жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекара заставалары мен комендатураларда орналасуы салдарынан қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз етілген әскери қызметшілерге тұрғын үй төлемінен екінші деңгейдегі банктердегі шотына ақшалай қаражатты 50 % мөлшерінде аудару.

Әскери қызметтен шығару кезінде әскери қызметшілерге олардың тұрғын үймен қамтамасыз етілмеген кезеңі үшін біржолғы ақшалай төлемақы төлеу.

Әскери қызметтен шығарылған, бірақ жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда тұрып жатқан адамдарға жекешелендіру құқығының орнына өтемақы төлеу, ол Қорғанысминінің, ІІМ мен ҰҚК-ның бар қызметтік тұрғын үй қорын босатуға мүмкіндік береді.

Әскери қызметте 20 және одан да көп жыл болатын, 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап 2018 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде әскери қызметтен тұрғын үйсіз шығарылған және жекешелендіру құқығының орнына өтемақы алмаған әскери қызметшілерге ақшалай өтемақы төлеу.

Заң жобасын қабылдау әскери қызметтің беделін, қызметтік-жауынгерлік істер нәтижелеріне әскери қызметшілердің қызығушылығын және олардың жауаптылығын арттыратын әскери қызметшілердің әлеуметтік-құқықтық мәртебесін нығайтуға мүмкіндік береді және қандай да бір теріс құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдарларға әкеп соқтырмайды.

Әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан заң жобасын қабылдау бір мезгілде әскери қызметшілерді тұрғын үй төлемдерін жүзеге асыру арқылы тұрғын үймен қамтамасыз етуге әкеп соқтырады.

                   Шара соңында депутаттар тұрғын үй саласындағы өзекті мәселелер туралы бірқатар сұрақтар қойып, өз ұсыныстарын білдірді.

(74-63-01, Эльмира Башеева, Ақпаратты Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі таратты).

 

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі