Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
19.09.2017

«Нұр Отан» - ХДПАФ: Мәжілістегі кездесу


Астана, 19 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Бүгін Қазақстан Парламентіне Халықтың қоныстануы және дамуы жөніндегі парламентарийлердің Азиялық Форумының төрағасы,  Жапония Парламенті кеңесшілер палатасының депутаты Кейдзо Такеми келді.

Мәжілісте «Нұр Отан» партиясы фракциясының Әлеуметтік кеңесі мүшелерімен кездесуі өтті. Мәжілістің вице-спикері, фракция жетекшісі Гүлмира Исимбаева отырысты ашу барысында Халықтың қоныстануы және дамуы жөніндегі парламентарийлердің Азиялық Форумы (ХДПАФ) айналысатын халықтың қоныстануы және дамуы БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттарының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Өз кезегінде, Такеми мырза гендерлік теңдік және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, жастарға инвестиция салу саласындағы Халықтың қоныстануы және дамуы жөніндегі парламентарийлердің Азиялық Форумының қызметі туралы хабардар етті.

Отырыста Әлеуметтік Кеңестің қызметі туралы ақпарат берілді. БҰҰ-ға мүше мемлекеттер қабылдаған Қазақстанның орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі жұмыста депутаттық корпустың рөлі ерекше атап өтілді.

Парламентшілердің арасындағы халықты қоныстандыру мен дамуға қатысты тәжірибе алмасуда, денсаулық сақтау және әйелдердің құқығын қорғауда, жастарды қолдау және ұзақ өмір сүрудің жалпы стратегиясын әзірлеуде үнқатысуды дамытудың маңызды алаңы болып табылатын, ХДПАФ жұмысына Қазақстан белсенді түрде қатысады.  

Кездесуге салауатты өмір салтын, интеграция және егде жастағы адамдардың қоғамға араласуы, өмір сүру сапасын жақсарту үшін қажетті жағдайлар жасау мәселелеріне үлкен қызығушылық танытты.

Кездесу қорытындысы бойынша мазмұнды пікір-алмасулар орнап, әлеуметтік саясаттың тиімділігін арттыру бойынша тәжірибелік ұсынымдар талқыланды.

Айта кетейік, ХДПАФ 1981 жылы БҰҰ-ның халықты қолдау қорының бастамасымен құрылды. Форум халықаралық үкіметтік емес ұйым болып табылады. Негізгі мақсаттары - Азиядағы халықтың тұрмыс деңгейі мен әл-ауқатын жақсарту жөніндегі бастамаларды насихаттау, халықты қоныстандыру аумағындағы бағдарламаға депутаттардың назарын аудару.

 

 (Ақпаратты Мәжілістің Баспасөз қызметі таратты – 746301. Суретті түсірген Жасұлан Құспанов, Сайлау Майлыбаев). 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі