Астана, 21 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Г. Қарақұсованың жетекшілігімен «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодекс жобасының таныстырылымы өтті.
Жаңа Салық кодексінің жобасы мен оған ілеспе заң жобалары туралы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов баяндады.
Шара барысында жобаға жетекшілік ететін Бірінші вице-министр: «Егер салық төлеуші салық органының түсіндіруіне сәйкес әрекет ететін және соның салдарынан ұстаным өзгерген болса, айыппұлдар мен өсімпұлдарды қолданбау ұсынылады. Толық есепке жазу негізділігіне талап та күшейтіледі. Енді салықтық тексеру актілерінде тиісті негіздемелер болуы тиіс. Бизнеске заңнамадағы өзгерістерді зерделеуге көбірек уақыт беріледі» - деді.
Сонымен қатар, жобаны әзірлеушілердің сөзіне сүйенсек, шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолданыстағы арнайы салық режимдерін сақтау көзделуде. Яғни, баламалы жаңа режим ұсынылады, ол тіркелген шегерістер режимі. Бұл кімнің айналымы үлкен, бірақ табысы көңіл көншітпейтін болса, солар үшін тиімді болмақ. Ол өз түсімінің отыз пайызын растаусыз шегере алады. Ал егер шығыстарды есепке алуды жүргізетін болса, онда шығыстарын растағаны үшін сыйақы алады. Салық төлеушілерге режимді таңдау құқығы берілмек.
Осы ретте аграрлық сектор үшін де ынталандыру ұсынылып отыр. Бірыңғай жер салығын төлеушілер айналымына қарамастан қосылған құн салығын төлеушілер болып табылмайды.
Ал еңбекақы төлеу қорына жүктемені төмендету үшін шаруа қожалығының басшысына, мүшелеріне және жұмыскерлеріне салынатын әлеуметтік салықты алып тастау ұсынылуда. Қызметтің барлық түрлерін бөлек есеп жүргізу жолымен жүзеге асыруға рұқсат берілмек.
Сондай-ақ, жер қойнауын пайдалану саласында географиялық барлауға инвестициялар ынталандырылатын болады. Табысты барлау жүргізуде ынталандыру мақсатында коммерциялық табу бонусын алып тастау жоспарлануда, ал теңіз және терең мұнай кен орындары үшін жер қойнауын пайдалануда өте қарапайым баламалы салық ұсынылады.
Осымен қоса, арнайы инвестициялық келісімшарт шеңберінде автомобиль шығару үшін қосылған құн салығы бойынша жеңілдіктер ұсынылмақ.
Бірінші вице-министр Р. Дәленовтың сөзінше қазірде инвестициялық преференциялар тек жаңа жобаларға және жаңа кәсіпорындарға ғана ұсынылады. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қазіргі жұмыс істеп тұрған қуаттылығын жаңғырту және реконструкциялау кезінде жеңілдіктер көзделмеген. Мұндай кәсіпорындарды ынталандыру үшін жаңғырту және реконструкциялау бойынша жобаларды іске асырып отырған жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға корпоративтік табыс салығы бойынша жеңілдіктер ұсынылмақ.
Осы кезеңде бірқатар жеңілдіктерден бас тарту ұсынылып отыр. Атап айтсақ, ойын автоматтары қызметі бойынша айналымдарды, лоторея билеттерін өткізу, пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін, пошта маркаларының импортын босату жатады. Дүниежүзілік сауда ұйымдарының талаптарына қарама-қайшы келетін жеңілдіктер алынып тасталады. Өйткені, Дүниежүзілік сауда ұйымдарының талаптарына сәйкес, ішкі өндіріс тауарлары және импорт үшін салық салудың тең шарты қолданылуы тиіс.
Салық жүйесінің өзекті міндеттерін шешу мақсатында жаңа Салық кодексінің жобасын әзірлеуге «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен басқа да бизнес өкілдері белсене қатысса, депутаттар жобаны әзірлеушілерге бірқатар сұрақтар қойып, ұсыныстарын айтты.
Енді жаңа Салық кодексінің жобасы Комитет хатшысы Татьяна Яковлева жетекшілік ететін жұмыс тобында қаралатын болады.
(74-63-01, Эльмира Башеева, суретті түсірген Сайлау Майлыбаев, Ақпаратты Мәжілістің Баспасөз қызметі таратты).
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі