Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
03.10.2017

Мәжілісте «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекс жобасы таныстырылды


Астана, 3 қазан, Мәжіліс үйі. Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінде «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Кодексі жобасының және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жобасының таныстырылымы өтті.  

Жобаның таныстырылымына Мәжілістің вице-спикері, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Гүлмира Исимбаева қатысты.

Таныстырылым барысында Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Г. Щегельский атап өткендей, аталған заң жобасы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың  2017 жылғы Қазақстан халқына жолдауында айтылған жер қойнауын пайдалану саласындағы нормаларды кодификациялау туралы тапсырмасына, сондай-ақ Ұлт жоспарының пайдалы қазбалар қоры жөнінде есеп берудің халықаралық стандарттар жүйесін және  жер қойнауын пайдалану жөніндегі келісімшарттардың оңтайландырылған әдісін енгізуді көздейтін 74 және 75-қадамдарына сәйкес әзірленген.

Сондай-ақ, депутат Кодекс жобасында ұсынылған өзгерістерді іске асыру  еліміздің тұрақты экономикалық дамуы үшін минералдық-шикізат базасын толықтыруға және инвестициялық жағдайды жақсартуға ықпал ететінін атап өтті.

Отырыс барысында инвестициялар және даму вице-министрі  Т.С.Тоқтабаев «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Кодексі жобасының негізгі тұжырымдары туралы баяндама жасады. Өз баяндамасында вице-министр жер қойнауын пайдалану саласын реттеудегі жаңашылдықтарға тоқталды.    

Осы ретте, жобаның негізгі жаңалықтарын атап айтсақ, олар пайдалы қазбалар қорын есепке алудың халықаралық  стандарттарға негізделген жүйесіне көшу; «бірінші өтінім» қағидаты бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын берудің австралиялық моделін енгізу; геологиялық ақпараттық ашықтығын қамтамасыз ету; жер қойнауын пайдаланушылардың міндетті есептілігі; жер қойнауын пайдалану салдарын  жою тәртібін жетілдіру.

Сонымен қатар отырыс барысында энергетика бірінші вице-министрі М.Ж.Досмұхамбетов өз баяндамасында көмірсутектерді реттеу мәселелеріне тоқталды.

Кездесу барысында депутаттар жер қойнауын пайдалану саласын реттеудің түрлі аспектілері туралы мәселелер көтерді. Мәжілістің Экология және табиғатты пайдалану комитетінің Жұмыс тобы шеңберінде депутаттар тарапынан ұсынылған ұсыныстар мен ескертулер назарға алынатын болады.

Заң жобаларының таныстырылымына  Парламент Мәжілісінің депутаттары, Инвестициялар және даму, Энергетика, Әділет, Қаржы, Ауыл шаруашылығы, Білім және ғылым министрліктері мен Бас Прокуратураның өкілдері қатысты.

Сондай-ақ, отырысқа «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, «Самұрық-Қазына», Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындардың республикалық қауымдастығының, Қазақстан Республикасының геологиялық өндірістік ұйымдары қауымдастығының,  «Кazenergy» және жер қойнауын пайдалану саласындағы басқа қауымдастықтар мен бірлестіктердің және саяси партиялардың мен өзге де үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

 

(Эльмира Башеева, 74-63-01, Ақпаратты Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі таратты).

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі