Астана, 9 қазан, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте вице-спикер Гүлмира Исимбаеваның төрағалық етуімен Үкіметтік сағат өтіп, онда Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова баяндама жасады.
Шараны ашқан вице-спикер Гүлмира Исимбаева «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 83-қадамын іске асыру аясына тоқталып, Вице-спикер өз сөзінде: «2015 жылы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындау үшін 59 заң қабылданды. Елбасының тапсырмасына сәйкес Парламент Мәжілісінің депутаттары қабылданған заңдардың іс жүзінде қалай орындалып жатқанына жүйелі түрде мониторинг жүргізіп отырады. Осындай заңдардың бірі - Ұлт жоспарының 83-қадамын іске асыру үшін әзірленген жаңа Еңбек Кодексі 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді. Сондықтан, бүгінгі талқыланып отырған мәселе өте маңызды. Өйткені, халқымызда «адамды адам ететін еңбек»,-деген жақсы сөз бар. Осы даналыққа сүйенетін болсақ, халықтың әл-ауқатын көтеріп, мемлекеттің игілігін арттыратын да өнімді еңбек болмақ» - деді.
Осы мәселе бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова депутаттар алдында баяндама жасап, сұрақтарға жауап берді.
Отырыс барысында Мәжіліс депутаты Жанат Омарбекова жаңа Еңбек кодексіндегі сынақ мерзімдері туралы жете тоқталып, «Сынақ мерзіміне қатысты тағы бір жаңа өзгеріс - оның шарттарының өзгеруі. Қазір сынақ мерзімі барлық қызметкерлер, оның ішінде алғаш рет өз жұмысын бастаған, 18 жасқа толмаған адамдар мен мүгедектерге арналған жас мамандар үшін белгіленеді. Бұл халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобы қатарындағы әсіресе мүгедектер мен жастар арасында біраз алаңдаушылық тудыратыны сөзсіз» - десе, халық қалаулысы Бақтияр Мәкен өз сөзінде: «жұмыссыздық, еңбек нарығында сұранысы жоқ мамандық азаматтарды, соның ішінде жастарды, көлеңкелі секторда жұмыс іздеуге мәжбүрлейді. Бұл төменгі еңбек жалақысына, реттелмеген жұмыс күніне, әлеуметтік кепілдіктердің болмауына әкеп соғады. Елімізде жаңғырту саясаты жүзеге асырылып жатқан жағдайда жастарды еңбекке орналастыру мемлекеттің басты мәселелерінің бірі болуы тиіс» - деді.
Сонымен қатар үкіметтік отырыс барысында қоғамдағы еңбек қатынастары туралы Бақытгүл Хаменова, Гүлнар Иксанова, Ирина Смирнова, Павел Казанцев және тағы басқа да Мәжіліс депутаттары өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Отырысты Вице-спикер Г. Исимбаева қысқаша қорытындылап, Үкімет сағаты бойынша депутаттар тиісті Ұсынымдар қабылдады.
(Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі