Бүгін Атырау облысында Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің көшпелі отырысы өтіп, онда «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекс жобасы талқыланды.
Отырысқа Парламент Мәжілісінің депутаттары, облыс әкімі Н.А.Ноғаев, «KAZENERGY» қауымдастығының бас директоры Болат Ақшолақов пен аймақтың шикізат өңдеу компаниясының өкілдері мен облыстық мәслихат депутаттары және т.б. қатысты.
Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Г.А. Щегельский атап өткендей Кодекс жобасын дайындауға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жер қойнауын пайдалану саласының нормаларын бекіту туралы тапсырмалары мен шикізатты пайдалану туралы Кодекстің қабылдануы негіз болды.
Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиясында өндіруші саланы ұлттық экономиканың негізгі бөлшегі ретінде реформалауды, сонымен қоса, Қазақстанның геологиялық барлау облысында әлемдік нарыққа шығу керектігін, ол үшін шикізатты пайдалану туралы заңды жеңілдету арқылы инвестициялар тарту қажеттілігіне баса назар аударған болатын.
Жер қойнауын пайдалану секторы еліміздің экономикасын айқындаушы болып табылады. Бүгінгі таңда республикадағы тау-кен және мұнай-газ секторлары бюджетті толықтырып отыр. Мәселен, бюджеттің 2/3 бөлігі тау-кен компанияларының табыстары есебінен құралады.
Отырыс барысында Инвестициялар және даму вице-министрі Т.С.Тоқтабаев, Энергетика бірінші вице-министрі М.Ж.Досмұхамбетов баяндама жасады.
Кездесу барысында жер қойнауын пайдаланушылардың атынан жұмыс тобының шеңберінде заңнамалық реттеуді талап ететін Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы Кодекс жобасының кейбір мәселелерін шешу жөнінде ұсыныстар айтылды.
Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті салалық қызметін ескере отырып, аймақтағы экологиялық жағдайды да қарастырды.
***
Күннің бірінші жартысында депутаттар Атырау мұнай өңдеу зауытының қызметімен танысып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны мәтінінің авторы, ақын, жазушы Жұмекен Нәжімеденовтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
(74-63-01, Мәжілістің Баспасөз қызметі)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі