Астана, 29 қараша, Мәжіліс үйі. Бүгін Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалық етуімен жалпы отырыс өтті. Жиында жер қойнауы және жер қатынастарын реттеу мәселелері мен бала құқықтары туралы Заң жобалары депутаттар тарапынан қолдауға ие болды.
Жалпы отырыста Палата «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексті және оған ілеспе заң жобаларын екінші оқылымда мақұлдады. Осы Заң жобасына қатысты Мәжіліс Төрағасы:
- Бұл Кодекстің ең негізгі ерекшелігі – ол осы жер қойнауы саласындағы барлық сұрақтар бір құжаттың ішінде жинақталған. Соның нәтижесінде, жер қойнауын пайдаланушылар үшін де, инвесторлар үшін де тиімді жағдай жасалатын болады, - деді.
Айта кететін болсақ, Кодекс жобасы жер қойнауын пайдалану саласын реттеудің жаңа тәсілін көздейді. Онда жер пайдалану құқығын «бірінші келдің – бірінші алдың» қағидаты бойынша берудің австралиялық моделін енгізу, пайдалы қазбалар қорларын есептеудің халықаралық жүйесіне көшу, геологиялық ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету, жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасын әзірлеу, уранды, көмір қабаттарының метанын игеруді реттеу, пайдалы қазбаларды старателдік өндіруді енгізу сияқты жаңалықтар қамтылған.
Сонымен қоса, Жер роформасы жөніндегі комиссияның қызмет нәтижелері бойынша әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы талқыланып, мақұлданды.
Жобаны талқылау барысында жұмыс тобы келіп түскен ескертпелер мен ұсыныстарды ескере отырып, бірқатар өзгерістер енгізген. Атап айтсақ, кенттің, ауылдық елді мекеннің шекарасы шегінде ғана емес, облыстық және аудандық маңызы бар қалалардың шекарасы шегінде орналасқан жайылымдық және шабындық алқаптарды бөлек меншікке және жер пайдалануға беруге жол бермеу жөніндегі заң жобасының нормасы кеңейтіледі.
Заң жобасын жұмыс тобының 9 отырысында және Бас комитеттің кеңейтілген отырысында талқылау барысында мүдделі мемлекеттік органдар, парламенттік емес саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің, отандық сарапшылардың және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қатысуымен 250-ден астам түзету жан-жақты қаралды.
Мәселен, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғау және сақтау үшін жер беру жағдайларын қоспағанда, шекаралық белдеуде орналасқан жерді беруге толық тыйым салуды енгізу және ауыл шаруашылығы алқаптарын жеке ауладағы малды жаю және қандай да бір күрделі құрылыстар тұрғызу құқығынсыз шөп шабу үшін пайдалану ұсынылады.
Сонымен қатар, отырыс барысында Мәжіліс депутаттары бастама болған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Жұмыс тобы жобамен жұмыс істеу барысында жекелеген нормаларды нақтылайтын және мазмұнын жақсартатын кәмелетке толмағандар жасаған іс-әрекеттер үшін ата-анасын және басқа да адамдарды жазалауға қатысты норманы Қылмыстық кодекстен алып тастап, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ауыстыру және кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарының осы санаттағы балаларға кешенді әлеуметтік, психологиялық, педагогикалық, медициналық, құқықтық және басқа да көмек түрлерін беру сияқты басқа да бірқатар түзетулер енгізілді.
Осы отырыста «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Заң жобасы екінші оқылымда депутаттар тарапынан қолдауға ие болды.
Жобаға тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сапасыз бағалауға байланысты келтірілген залалды өтеу үшін өтемақы қорын құру және жеке тұлғалар үшін бағалау қызметін қазір қолданылып жүрген лицензиялаудың орнына бағалаушыларды сертификаттауды енгізу сынды басқа да мәселелер енгізілген.
Жиында Мәжіліс депутаттары Қазақстан Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы Солтүстік және Орталық Азия үшін Субөңірлік бөлімшеге арналған әкімшілік және қаржылық рәсімдерге қатысты келісімді ратификациялау мен Қазақстан мен Вьетнам елдері арасындағы ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы Заң жобаларын жұмысқа алып, бейінді комитеттерге қорытынды әзірлеу мерзімдерін белгіледі.
Сонымен қатар, отырыста Орталық сайлау комиссиясының баяндамасы негізінде Бақытжан Жарылқасынұлы Әбдірайымның 24 қарашадан бастап Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды.
Жалпы отырыс соңында халық қалаулылары бірнеше депутаттық сауалдар жолдады. Олар Ж. Нұрмағанбетова, И. Клименко, К. Мұсырман, Ш. Хахазов, К. Абсатиров, Қ. Қарекен, А. Перуашев.
(74-63-01, Мәжілістің Баспасөз қызметі).
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі