Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
04.12.2017

Рухани жаңғыру (Мәжілістегі Үкімет сағаты)


Астана, 4 желтоқсан, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте вице-спикер Гүлмира Исимбаеваның төрағалық етуімен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аспектісіндегі мәдениет саласындағы мемлекеттік саясат» тақырыбына Үкіметтік сағат өтті.

Отырысты ашқан вице-спикер Гүлмира Исимбаева 2017 жылы елімізде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен саяси реформа мен экономиканы жаңғыртуға бағытталған екі маңызды жаңару процесі туралы айтты. Вице-спикер өз сөзінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының міндеттерін табысты орындау үшін қажетті ресурстарды, оның ішінде тиісті қаржы ресурстарын қамтамасыз ету, оны іске асыру тетіктерін айқындау, нормативтік құқықтық актілерді қазіргі заман  талабына  сәйкес келтіру, жаңғырту процесіне қатысушылар үшін ынталандырушы тетіктерімен  қамтамасыз ету қажет. Бұған бүкіл қоғам, еліміздің  барлық азаматтары қатысуы керек, - деді.

Үкімет сағаты барысында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыруда атқарылған жұмыстармен және алдағы жоспарларымен бөлісті.  Атап айтсақ, Мәдениет және спорт министрлігі Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Қазіргі заманғы Қазақстандық мәдениет жаһандық әлемде», «Мемлекеттік тілдің латын қарпіне көшуі» арнайы жобаларының басты орындаушы органы болып табылады.

Бұл жобаны тиімді жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Музейі жанынан «Қасиетті Қазақстан» өлкетануды дамыту орталығы және ең білікті мамандарды біріктірген «Туған жер» Қазақстан өлкетанушылар бірлестігі құрылған.

Мамыр айында жобаның алдына қойған міндеттерін белгілеп алу мақсатында барлық өлкетанушылардың қатысуымен бірінші Республикалық форум өтті.

Киелі орындарды анықтау және зерттеу мақсатында ғалымдардың қатысуымен Қазақстанның барлық өңірлеріне (6 бағыт – Солтүстік, Батыс, Шығыс, Оңтүстік, Орталық, Оңтүстік-шығыс) экспедициялар ұйымдастырылды.

Бүгінгі таңда жалпыұлттық маңызы бар 100, жергілікті маңызы бар 500 киелі жердің Тізімдері жасалып, жүйеленді. Тізімдерді толықтыру жұмыстары алдағы жылдары да жалғасатын болады.

Жалпы алғанда, Қазақстанның киелі мұраларына деген қызығушылықтың күрт артқаны байқалды. Өйткені, бүгінде бұл шараларға мемлекеттік органдар емес, ғылыми зерттеу институттар мен жастар да белсенді араласуда, ал ақпарат құралдары осы тақырып бойынша жан-жақты мәліметтер беруде. 

 

Жұмыстың нәтижесінде «Киелі Қазақстан» энциклопедициясының Басты томы шығарылуда, Оның базасында фундаментальды, ғылыми-негізделген 3 тілде 5-томдық энциклопедияны жарыққа шығару жоспарланған. Сонымен қатар, «Киелі Қазақстан. Теориялық-методологиялық аспекттер» ұжымдық монографиясын шығару көзделген.

Киелі орындар мол шоғырланған республикалық «Ұлытау», «Отырар», «Таңбалы» тарихи-мәдени музей-қорықтарының туристік тартымдылығын жақсарту мақсатында олардың Сапар орталықтарын салу бойынша жұмыстр жүргізілуде. Бұл Сапар орталықтар салу – әлемдік тәжірибеде бар. Мұнда туристерге қажетті барлық инфрақұрылымдар – кафе, сувенир дүкендері, шеберханалар, конференц залдар және т.б. жұмыс жасайды. Біздің міндетіміз –коворкинг орталықтары тәрізді ғылыми, білім беру, танымдық, демалыс орталықтарын құру.

Сонымен бірге, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп Солтүстік және Батыс өңірлерде, Астана қаласында мәдени-туристік кластерді дамыту мақсатында «Бозоқ», «Ботай» және «Сарайшық»музей-қорықтарын құру жөнінде жұмыстар жүргізіп жатыр. Бұл ұйымдарды құру мемлекеттің бюджетіне қосымша салмақ салмайды.  

2014 жылдан бастап барлығы 100-ден асамаңызды тарих және мәдениет ескерткіштері қалпына келтіріліп, реставрациялаудан өтті. Осы жұмыстардың барлығы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асырудың базасы болып табылады.

Музей-қорықтарды құру ғылыми-зерттеу, консервациялық, археологиялық, ағартушылық бағдарламаларды орындау үшін, туристтерді қызықтыру бойынша бәсекеге қабілеттілікті арттыру мен болашақ ұрпаққа бірегей ескерткіштерді сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Отырыс барысында Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің Төрайымы Гүлнар Иксанова «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен жұмыс жүйелі, дәйекті және ашық болуы керектігіне, сонымен қатар жобаларды іске асырудың тиімділігі тек дөңгелек үстелдер, конференциялар мен концерттер санымен ғана өлшенбей, іс-шаралар тек қана айтулы кезеңдерде ғана емес, сондай-ақ әртүрлі форматта өткізілуі керектігі жайлы айтты.

Сонымен қатар үкіметтік отырыста Қ. Сұлтанов, Н. Сабильянов, В. Косарев, Б. Тілеухан және басқа да Мәжіліс  депутаттары өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Отырысты Вице-спикер Г. Исимбаева қысқаша қорытындылап, Үкімет сағаты бойынша депутаттар тиісті Ұсынымдар қабылдады.

(74-63-01, Мәжілістің Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі