Астана, 6 желтоқсан, Мәжіліс Үйі. Бүгін Мәжілісте «Нұр Отан» партиясының Фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңесі мен Палатаның Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің ұйымдастырумен «Ішкі туризмнің жай-күйі: проблемалары мен келешегі туралы» атты тақырыпта бірлескен отырысы өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты Қазақстандағы ішкі туризмді дамытудың жай-күйін зерделеу және проблемалық мәселелерді талқылау.
Отырыс келесі жүйелі төрт секция бойынша өткізілді:
- ішкі туризмді дамытуға заңнамалық қолдау көрсетудің проблемалық мәселелер;
- ішкі туризмге арналған өнімдер мен жобалар (сакралдық география, экотуризм, этнотуризм, туристік пойыздар және т.б.);
- ішкі туризм инфрақұрылымы (тұру, тамақтану, логистика, емдеу, ақпараттық қамтамасыз ету және жариялау, жобаларды қаржылық қолдау, кеңес беру және қызмет көрсету, халықаралық қолдау көрсету бағдарламалары);
- ішкі туризмді кадрлармен қамтамасыз ету мәселелері.
Отырыс барысында маңызды пікірлер айтылып, туристік қоғамдастықтың сын-пікірлері, саланың дамуындағы қиындықтар мен проблемалар, сондай-ақ, оларды шешу үшін заңнамалық және институционалдық шаралар талқыланды.
Депутаттар Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың экономиканың болашақтағы драйверлерінің бірі ретінде қазіргі заманғы туристік индустрияны қалыптастыру және оның елдегі шағын және орта бизнестің дамуына айтарлықтай әсерін тигізу бағытындағы тапсырмаларын орындау бойынша басталған диалогтың маңыздылығын атап өтті.
Ішкі туризмді дамытудың жекелеген бағыттары бойынша туристік қауымдастықпен диалогты жалғастыру туралы түсіністік пен келісімдерге қол жеткізілді, сондай-ақ ЭЫДҰ елдерінің озық тәжірибесіне сәйкес саланың нормативтік-құқықтық базасын қалыптастыру туралы Үкіметпен әрі қарай талқылау жоспарланды.
Сонымен қатар ішкі туризмді дамытуға, бәсекеге қабілетті туристік индустрияны құруға, соның ішінде инфрақұрылымды дамытуға және ұсынылатын қызметтердің әртүрлілік пен сапасының артуына байланысты мәселелер де назардан тыс қалмады.
Отырыс жұмысына Мәжіліс депутаттары, Мәдениет және спорт, Инвестициялар және даму, Денсаулық сақтау, Білім және ғылым, Ауыл шаруашылығы, Ақпарат және коммуникациялар министрліктерінің, Астана қаласы әкімшілігінің, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ-ның, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және тағы да басқа қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жетекші туристік компаниялар мен сарапшылар қатысты.
Отырыс қорытындысы бойынша «Нұр Отан» партиясының Фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңесі Үкіметке ұсыныстар әзірледі.
(Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі таратты. Суретті түсірген Сайлау Майлыбаев.)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі