Астана, 26 наурыз, Мәжіліс үйі. Бүгін Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжіліс Бюросында алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.
Халық қалаулыларының назарына «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заң жобасы ілеспе түзетулерімен бірінші оқылымда ұсынылады.
Аталған жоба адвокаттық қызмет және заң көмегін көрсету жүйесін кешенді жетілдіруге бағытталады. Атап айтсақ, заң қоғамдастығы өкілдерінің құқықтық мәртебесін нығайту, заңгерлік көмектің сапасын арттыру мен халықтың әлеуметтік осал топтарына, қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға тегін негізде заң көмегін алуға қол жеткізуді қамтамасыз ету мәселелері қарастырылған.
Сондай-ақ, депутаттардың талқылауына «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға заңнамалық түзетулер енгізу ұсынылып, Қазақстан мен АҚШ Үкіметтері арасындағы мемлекеттік әуе кемелеріне аэронавигациялық қызмет көрсету үшін төлемақы алуға қатысты келісімді ратификациялау туралы Заң жобасы қаралады деп күтілуде.
Сонымен бірге, Мәжілістің бейінді комитетіне «Халықаралық азаматтық авиацияға қатысты заңсыз актілерге қарсы күрес жөніндегі конвенцияны ратификациялау туралы» Заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу мерзімін белгілеу көзделген.
(74-63-01, Ақпаратты Мәжілістің Баспасөз қызметі таратты).
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі