Астана, 28 наурыз, Мәжіліс үйі. Бүгін Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжілістің жалпы отырысы өтті.
Онда «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заң жобасы бірінші оқылымда ілеспе түзетулерімен мақұлданды.
Жобаны әзірлеудің мақсаты - адвокаттық қызмет пен заң көмегін көрсету жүйесін кешенді түрде жетілдіруге бағытталды.
Отырыста Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин аталған Заң жобасы бойынша адвокаттық тәртіптік комиссияның құрамына, жұмыстың ашық және нәтижелі болуына тоқталып, екінші оқылымда ескеруді ұсынды.
Айта кету керек, бүгінгі таңда заңгерлердің кәсіби қауымдастығы шашыраңқы және жүйесіз түрде дамуда. Бұл міндетті түрде заң көмегін көрсету сапасына кері әсер етеді. Мемлекет бұрынғысынша, осы саланың негізгі реттеушісі болып қалып отыр. Ол заңнамалық регламенттеу және мемлекет кепілдік берген заң көмегін ұсыну арқылы осы саланы реттеудің жалпы тәсілдерін қалыптастыруға ықпал етеді. Әйтсе де, қазіргі жағдайда дәл осы кәсіби қоғамдастық тиісті қоғамдық қатынастар саласында реттеуші ретінде әрекет етуге тиіс.
Осы Заң жобасы бойынша жұмыс тобының 20 отырысы, АҚШ пен Австриядан келген халықаралық сарапшылармен 2 кездесу өткізілді. Сондай-ақ, 2017 жылғы 27 қарашада Жоғарғы Сот, Ұлттық Банк, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, әділет, ішкі істер, білім және ғылым, қаржы министрліктері, парламенттік емес партиялар, Республикалық адвокаттар алқасы, Республикалық нотариаттық палата, Қазақстан заңгерлері одағы және өзге де үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен заң жобасының таныстырылымы болды.
Сонымен қатар, бүгінгі отырыста «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы депутаттар тарапынан қолдауға ие болып, мақұлданды.
Жалпы Заң жобасы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясаттың сапалы және тиімді іске асырылуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Жұмыс тобының шеңберіндегі талқылау барысында депутаттар Ассамблея Кеңесінің өкілеттіктерін кеңейту, этносаралық қатынастар саласында құқықтық реттеудің тиімділігін арттыру, қолданыстағы заңнамадағы олқылықтарды жою бөлігінде түзетулер, сондай-ақ редакциялық сипаттағы және заң техникасы бойынша түзетулер енгізді.
Сондай-ақ, бүгінгі жалпы отырыста Қазақстан мен АҚШ Үкіметтері арасындағы мемлекеттік әуе кемелеріне аэронавигациялық қызмет көрсету үшін төлемақы алуға қатысты келісімді ратификациялау туралы Заң жобасы қаралып, мақұлданса, Мәжілістің бейінді комитеті «Халықаралық азаматтық авиацияға қатысты заңсыз актілерге қарсы күрес жөніндегі конвенцияны ратификациялау туралы» Заң жобасын жұмысқа алды.
Отырыста Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бүгіннен бастап депутаттардың аймақтарға шығатынын хабарлады. Ондағы негізгі мақсат - Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасын және оның ерекше мүмкіндіктерін әрбір азаматқа, әрбір отбасына жеткізу болып табылады.
Жалпы отырыс соңында халық қалаулылары бірнеше депутаттық сауалдар жолдады. Олар П. Казанцев, А. Перуашев, Ж. Дүйсебаев, Т. Сыздықов, А. Базарбаев, Е. Никитинская.
(74-63-01, Ақпаратты Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі таратты. Суретті түсірген Жаслан Құспанов).
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі