Астана, 29 наурыз. Мәжіліс үйі. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары В. Божко бастаған Мәжіліс депутаттары Қызылорда облысының Қызылорда қалалық мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері мен ұстаздармен кездесті.
Іс-шарада Елбасының Бес әлеуметтік бастамасы туралы баяндалып, облыс әкімінің орынбасары Р. Рүстемов облыстағы оң өзгерістер туралы айтты.
Шара барысында Вице-спикер Елбасының батыл саяси қадамдарының жемісі туралы және әлеуметтік бастамалардың халықтың мұқтажына бағытталып отырғанын атап өтті.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Н. Жұмаділдаева ұстаз мәртебесінің артуы білім саласына оң серпіліс беріп, білім гранттары санының өсіп, студенттерді жатақханамен қамту мәселесінің заңнамалық негізін, оның ішінде Парламент Мәжілісінде Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, Заң жобасының жасақталуы туралы тоқталды.
Сонымен қатар, шара барысында Мәжіліс депутаттары Б. Кесебаева, А. Ералиев, К. Абсатиров салық саласындағы өзгерістер, кәсіпкерлерге қолдау мен халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселелерін көтерді.
Депутаттардың өңірдегі сапары барысында Қызылорда қаласындағы Достық үйінде Мәжіліс депутаттарының облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы мүшелерімен кездесуі болып өтті.
Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Р. Рүстемов, облыстық ассамблеяның мүшелері, облыстық ҚХА ғылыми сарапшылық тобының және жастар қанатының мүшелері қатысты.
Шара барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары, «Қазақстан орыс, славян, казак ұйымдары ассоциациясы» ЗТБ төрағасы В. Божко, Мәжілісі депутаттары Н. Жұмаділдаева, Б. Кесебаева, А. Ералиев және К. Абсатиров, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, облыстық «Славяне» қоғамдық-мәдени бірлестігінің жетекшісі Г. Щербакова, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Жастар қанатының мүшесі C. Пак, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық топ мүшесі, саяси ғылымдарының кандидаты М. Насимов сөз сөйледі.
Н. Божко елдегі саяси тұрақтылық пен этносаралық татулықтың елдің тұрақты дамуындағы рөлін атап өтсе, Н. Жұмаділдаева білім саласындағы тың өзгерістер жайлы сөз қозғап, Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасынын» жүзеге асыру алғышарттарын нақтылады.
Шара соңында Мәжіліс депутаттары мен жергілікті атқарушы орган өкілдері жиналған қауымның ұсыныстарын зерделеп, оларды жүзеге асыру бойынша жұмыс атқаратындықтарын жеткізді.
(74-63-01, Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі).
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі