Астана, 5 сәуір, Мәжіліс үйі. Бүгін Парламент Мәжілісінің депутаттары - Ирина Аронова, Бақытжан Ертаев, Гүлнар Бижанова, Нұрлан Әбдіров, Альберт Рау және Арман Қожахметов Қостанай облысындағы жұмыс сапарының шеңберінде Рудный қаласы мен Қашар кентінде болып, сайлаушылармен кездесулер өткізді.
Депутаттардың негізгі мақсаты – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік бес бастамасының негізгі ережелерін халыққа түсіндіру.
Депутаттар Ирина Аронова, Бақытжан Ертаев және Альберт Рау еліміздің ең ірі өнеркәсіп орындарының бірі «Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ құрамына кіретін Қашар кен басқармасында болды. Халықпен кездесудің алдында депутаттар өндірістік цехтар, тасымал агрегаттары мен экскаваторлардың жұмысымен танысып, соңында кен басқармасы кәсіпорнының ұжымымен кездесті. Қашар кен басқармасы бойынша жылына 14 млн. тонна руда өндірілетінін айта кету керек. «ССКӨБ» АҚ осы бөлімшесінің басшылары атап өткеніндей, айлық еңбекақылары 190 мың теңгені құрайтын 1200-ден астам адам жұмыс істейді.
Мәжіліс депутаттары Нұрлан Әбдіров пен Арман Қожахметов облыстағы ірі техникалық жоғарғы оқу орнының бірі – Рудный индустриалды институтының студенттерімен және профессорлық-оқытушылар құрамымен кездесіп, негізгі назарды әлеуметтік бастаманың «Жоғары білімге қол жетімділік және оның сапасы» бағытындағы үшінші тармағына аударды. Сонымен бірге, үстіміздегі жылдың тамыз айында іске қосылатын ипотекалық несиелендірудің «7-20-25» бағдарламасы да назардан тыс қалған жоқ. Кездесуге қатынасушылар айлық төлем, ипотекалық бағдарламаның екінші деңгейдегі банкілер беретін сомасының мөлшеріне қатысты және басқа да сұрақтар қойып, тұщымды жауап алды.
Кездесуден кейін депутаттарға инновациялық технологиялар зертханасын, КНАУФ мамандандырылған кластарын, геологиялық мұражайды аралатып, электр қуаты мен жылу қуаты кафедрасының ғылыми-оқу құралдарын көрсетті.
Бұл күні Мәжіліс депутаттары Гүлнар Бижанова мен Юрий Тимошенко Рудный қалалық ауруханасында болды. Заманауи медицина құралдарымен жабдықталған хирургиялық, реанимациялық және рентгенологиялық бөлімдерді аралап көрген депутаттар медицина қызметкерлерімен әлеуметтік бес бастама тақырыбын талдады. Елбасының осы бастамасының Қазақстанның барлық халқы үшін маңыздылығына тағы да тоқталып өтті.
Өз кезегінде медицина саласының қызметкерлері Елбасының әлеуметтік бастамаларын көтеріңкі көңіл-күймен қабылдағандарын және бұл бастамалардың кеншілер қаласы тұрғындарының тұрмыстарына зор оң әсер әкелетініне сенімділіктерін білдірді.
(74-63-01, Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі, «Нұр Отан» партиясының Қостанай облыстық филиалының ақпараты бойынша).
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі