Астана. 6-сәуір. Мәжіліс үйі. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары – «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Аққайың, Қызылжар және Мамлют аудандарына барды. Халықпен кездесулерде мәжілісмендер Президенттің бес әлеуметтік бастамалары туралы айтып, ауыл тұрғындарының сұрақтарына жауап берді, сондай-ақ бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты.
Парламент өкілдері ипотекалық несиенің жай-жапсары туралы айтып, «7-20-25» бағдарламасын әзірлеу туралы, гранттар ұлғайту есебінен жоғары білім берудің қол жетімділік мәселелерін шешу, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету, жалақысы төмен қызметкерлердің салық жүктемесін төмендету, бизнесті дамыту үшін шағын несие беруді ұлғайту және елімізді газдандыру мәселелері жайында жан-жақты баяндап, ауыл тұрғындарының сұрақтарына жауап берді.
Айзада Құрманова және Айгүл Нұркина Қызылжар ауданына сапары барысында «Зенченко және К» коммандиттік серіктестігінің ұжымымен кездесті. Кәсіпорын Қазақстандағы үздік өнеркәсіптің қатарында. Ол ет және сүт өнімдерін өндіруге және сатуға маманданған, асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысады.
Мәжіліс депутаттары сондай-ақ, мұз сарайы және спорт кешенінің тынысымен танысты.
Ал Мамлют ауданы Воскресеновка селосында депутаттар Светлана Бычкова және Жәмилә Нұрманбетова ауданның бірқатар шағын жинақты мектептерді біріктіретін ресурстық орталықтың жұмысымен танысты, соңдай-ақ, педагогикалық ұжымымен кездесіп, білім беруді дамыту және бес әлеуметтік бастамаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар, кездесуге қатысушылар гранттарды қосымша бөлу есебінен білім берудің сапасын жақсарту жайына да тоқталды. Мәжіліс депутаты Жәмилә Нұрманбетова атап өткендей, осы мақсаты үшін ауылшаруашылық және техникалық мамандықтарға гранттардың саны артады. IT-технологиялар, нано-технологиялар және робототехника саласындағы мамандарға сұраныс артады. Бұдан басқа, елімізде 75 мың орындыққа жатақхана салынатын болса, Солтүстік Қазақстан облысында 2300 орын жоспарланып отыр.
Аққайың ауданында мәжілісмендер Қанат Мусин және Александр Суслов жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен шағын несиелендіру мәселелерін талқылады. Кездесуде олар селодағы кәсіпкерлікті дамытудың маңыздылығы туралы айтты. Сондай-ақ, Қанат Мусин мен Александр Суслов Қиялы аграрлық колледжінің қызметімен танысты.
(ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі