Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
09.04.2018

Мәжіліс депутаттары еліміздегі әскери білім мен патриоттық тәрбиені қалыптастыруға қатысты ұсынымдар әзірледі


Астана, 9 сәуір, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте Вице-спикер Владимир Божконың төрағалық етуімен Үкімет сағаты өтті.

Тақырыбы: «Қазақстан Республикасында әскери білім беруді, ғылымды дамыту және әскери-патриоттық тәрбиені қалыптастыру туралы».  

Мәжіліс Төрағасының орынбасары аталған шараны аша келе, 2017 жылы Мемлекет басшысы, Жоғарғы Бас Қолбасшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бекіткен Қазақстан Республикасының жаңа Әскери доктринасы шеңберінде алға қойылған әскери білім беру мен ғылымды дамыту міндеттерін ескере отырып, өткізіліп жатқан шараның маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, 2017 жылы Елбасы  әскери ғылым мен білім беруді дамытудың негізгі бағыттарын айқындайтын Қазақстан Республикасының жаңа әскери доктринасын мақұлданғанын атап өтті.

Өз кезегінде Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов әскери мамандарды даярлау, әскери білім мен ғылымды дамыту және қазіргі заманға сай әскери-патриоттық тәрбиені қолдаудағы Қарулы Күштер қызметін жан-жақты ашып көрсетіп, жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу жұмысын одан әрі жетілдіру үшін бірқатар ұсыныстар берді. Олар, «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасына әскери-патриоттық тәрбиелеу бөлімін және тиісінше осы жұмыстың жай-күйін зерттеуді енгізу. Әскери-патриоттық бағыттағы іс-шараларды жүргізу үшін әлеуметтік гранттар, өңірлерде әскери-патриоттық қозғалысты материалдық-техникалық қамтамасыз ету үшін қажетті ресурс бөлуді қарау. Бастапқы әскери дайындық оқытушысын іріктеу және орналастыру тәртібін, жоғары оқу орындарының әскери кафедралары базасында олардың біліктілігін арттыру курстарын қарау, мәртебесін арттыру.

Қосымша баяндама жасаған Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Ерман әскери білім берудің толыққанды қазақстандық үлгісі қалыптасып, ғылыми және ғылыми-педагогикалық құрамды дайындау жолға қойылғанын атап өтті. Сонымен қатар, қару мен әскери техниканың жаңа түрлерін, күнбе-күн өзгеріп жатқан әскери стратегия мен тактиканы меңгерген Қарулы Күштер қолбасшылары мен жеке құрамын дайындау үшін арнайы білім берудің және әскери ғылым мен әскери-патриоттық тәрбиені дамытудың ерекше маңызына тоқталды.

Сондай-ақ, депутат М.Ерман өткен жылы бекітілген Әскери Доктрина ережелерінен туындайтын нақты мәселелерге назар аударды. Атап айтқанда, бірінші, мемлекеттің әскери ұйымдарына қажетті мамандар даярлау жөнінде. Барлық деңгейдегі әскери оқу орындарының түлектері ең күрделі міндеттерді шешуге дайын болуы тиіс. Жас офицерлер мен сержанттар қандай салада қызмет етуде, әскери оқу орнында алған білімі мен білігін қалай қолданып жүр, олар сол салаға қаншалықты қажет, міне, осыған талдау жасау керек. Оқу бағдарламаларын заман талабына сай қайта қарап, оқыту технологиясын жетілдіруі, инновациялық идеяларды енгізуі, қазіргі әскери іс-қимылдардың сипатына қарай мамандарды бейімдеуі қажет. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, әскери басқару, стратегия және шұғыл әрекет өнері саласында тұжырымды білім беруге басымдық беру керек.

Екінші - әскери білім – қазақстандық білім беру жүйесінің ажырамас, құрамдас бөлігі деп қарауымыз керек. Осыған байланысты әскери жоғары оқу орындары азаматтық жоғары оқу орындарымен тығыз қарым-қатынаста болып, үздік педагогикалық тәжірибелерімен алмасуы тиіс. Сонда ғана әскери білім берудің берік негізін қалап, жоғары деңгейін қамтамасыз етуге болады.

Сонымен қатар, қорғаныс-өнеркәсіп кешеніне жоғары білікті инженер-техник мамандар даярлау әлі шешімін тауып болмағанын атап кету керек.

Қорғаныс-өнеркәсіп кешені саласына мамандарды қажет болса шетелдің алдыңғы қатарлы оқу орындарында оқытып, тиісті қорғаныс кәсіпорындарында тәжірибеден өткізу қажет.

Үшінші,  ғылымды дамытпайынша қазіргі заманғы кәсіпқой армия құру мүмкін емес.

Талдау нәтижелері көрсетіп отырғандай, қолдағы бар ғылыми әлеует толық пайдаланылмай келеді. Әскери іс-қимыл жүргізудің жаңа әдістері бойынша дайын тәсілдер көп емес. Қазіргі заманғы әскери шиеленістер бойынша пікір сайыстыру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмейді.

Сонымен қатар, депутат инновацияларды енгізу қажеттілігі туралы, сондай-ақ әскери білім мен ғылымдағы цифрландыру мәселесін көтеріп, бесіншіден, халықаралық ынтымақтастық саласына назар аударды.

Үкімет сағаты барысында Мәжіліс депутаттары баяндамашы мен отырысқа шақырылған мемлекеттік органдар басшыларының алдына бірқатар өзекті мәселелер қойды.

 Жарыссөзде сөйлеген депутаттар А. Тасболатов пен М. Чирков әскери білім беру мен ғылым саласында және әскери-патриоттық тәрбиені дамытуда орын алып отырған проблемалы аспектілер мен оларды шешу жолдарын атап өтті.

Үкімет сағатының қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға әскери білім беру, ғылым және әскери-патриоттық тәрбиені қалыптастыру саласындағы одан арғы жұмысты дамыту жөнінде ұсынымдар қабылданды.

 

(74-63-01, Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі, суретті түсірген Жаслан Құспанов).

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі