Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
10.04.2018

Мәжілісте халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетке енгізілген түзетулер таныстырылды


Астана, 10 сәуір, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы таныстырылды.

Таныстырылым Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің отырысы шеңберінде ұйымдастырып, осы комитеттің төрайымы Гүлжан Қарақұсованың жетекшілігімен өтті.

Отырыста Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов пен Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндама жасап, депутаттардың сұрақтарына жауап берді.

Іс-шара барысында аталып өткендей, 2018 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» және «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдаулары шеңберіндегі іс-шараларды қаржылық қамтамасыз етуге бағытталған. Атап айтар болсақ, 30%-дан 50% мөлшерінде мұғалімдердің жалақысын ұлғайту; бала күтімімен айналысатын тұлғаларға жаңа жәрдемақы енгізу; жергілікті жолдар желісін дамыту; ауылдық елді-мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету. Сондай-ақ, Президенттің бес әлеуметтік бастамасының үшінші  бағыты «Жоғарғы білімнің қол жетімділігі мен сапасын жоғарылату» және төртінші бағыт «Микрокредиттеуді кеңейту» бастамаларын қамтиды.  Нәтижесінде, 2018 жылға арналған нақтыланған республикалық бюджет параметрлері түзетілді: түсімдер – 8 759,7 млрд. теңге; шығыстар – 9 643 млрд. теңге; тапшылық – 883,3 млрд. теңге.

Сонымен қатар, отырыс барысында республикалық бюджет кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) 2017 жылы 5 718,2 млрд. теңге көлемінде бағалануда, бұл бекітілген жоспарға қарағанда, 189,8 млрд. теңгеге жоғарылағаны айтылды.

Республикалық бюджеттің шығыстары 2017 жылы 425,1 млрд. теңгеге ұлғайтумен, 9 643,0млрд. теңге көлемінде белгіленді.

Бюджет тапшылығы 2017 жылғы бюджет қаражатының қалдығын (барлығы 125 млрд. теңге) тартуды ескере отырып, 883 млрд. теңгеге дейін ұлғайды. Бұл жалпы ішкі өнімге қатысты 1,5% құрайды.

Одан әрі Заң жобасы Мәжілістің бейінді комитетінің төрайымы Г. Қарақұсованың жетекшілік етуімен жұмыс тобының отырыстарында қаралатын болады.

 

(74-63-01, Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі. Суретті түсірген Жаслан Құспанов. ҚР ҰЭМ мен ҚР ҚМ Баспасөз қызметінің материалдары бойынша).

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі