Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
11.04.2018

Мәжіліс «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Заң жобасын I оқылымда мақұлдады


Астана, 11 сәуір, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері  Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Заң жобасы ілеспе түзетулерімен бірінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасының негізгі мақсаттары Қазақстанның валюталық заңнамасын интеграциялық процестердің дамуына әлемдік практиканы ескере отырып бейімдеу. Сондай-ақ валюталық реттеу және валюталық бақылау саласында туындайтын қатынастарды  реттеп отыруды қамтамасыз ететін құқықтық тетікті жетілдіру болып табылады.

Жалпы Заң жобасы валюталық операцияларды статистикалық мониторингпен қамтуды, оның ішінде валюталық реттеу режимдерін оңтайландыру арқылы кеңейтуге, биржалық валюта нарығындағы операцияларға бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың қолжетімділігін кеңейтуге, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына енгізілген өзгерістерді ескере отырып, сондай-ақ долларсыздандыру жөніндегі шаралар шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағындағы валюталық құндылықтар айналысы мәселелерін және резиденттер арасында рұқсат етілген валюталық операциялардың тізбесін нақтылау міндеттерін шешуге бағытталған.

Бүгін жалпы отырыста Мәжіліс 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетке түзетулер бойынша Заң жобасын жұмысқа алды. Ол Президенттің бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыруға бағытталған.

Сонда-ақ, осы күні Палата осы күні бірқатар ратификациялық Заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Олар Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше бір мемлекеттің азаматтары  осы қоғамдастыққа мүше екінші  мемлекеттің аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру кезінде ұшыраған өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру тәртібі туралы және Қазақстан мен Иордан Хашимит Корольдігінің Үкіметтері арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың  алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдерді ратификациялау.   

Жалпы отырыс соңында халық қалаулылары орталық мемлекеттік органдар басшыларының атына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: Д.Еспаева, Г.Баймаханова, Т.Сыздықов, А.Сапарова, К.Абсатиров, К.Мұсырман, Ш.Нурумов.

 (74-63-01, Ақпаратты Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі таратты. Суретті түсірген Жаслан Құспанов).

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі