Астана, 16 сәуір, Мәжіліс үйі. Бүгін Палатаның Вице-спикері Владимир Божконың төрағалық етуімен Мәжілісте «Қазақстан Республикасындағы көші-қон бақылауының жай-күйі және оны қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» тақырыбында үкімет сағаты өтті.
Мәжіліс Төрағасының орынбасары осы салада қабылданған шаралар Қазақстанға келушілер санын едәуір арттырғанын, 2017 жылы Қазақстанға 5,595 млн адам келгенін атап өтті. Оның ішінде Германия мен басқа елдердегі біздің бұрынғы тұрғындарымыз бар. Елімізге шетелдік бизнесмендер мен туристердің келуі ұлғайды, инвесторлар үшін Қазақстанға жұмыс күшін тарту рәсімі жеңілдетілген. В. Божконың айтуынша халықаралық ахуал мен көші-қон ағынының және ішкі көші-қонның артуы тиісті құрылымдар мен Сыртқы істер министрлігіне қосымша жауапкершілік жүктейді. Ұсынылған материалдарды алдын ала зерделеу барысы тұрақты көші-қон жолдарындағы артық тосқауылдарды алып тастау қажеттігін көрсетеді.
Сонымен атар, Қазақстан аумағында заңсыз көші-қон ұйымдастыратын жекелеген фирмалар мен тұлғалардың қылмыстық әрекеттері анықталған.
-Бұл реттегі мәліметтер алаңдатарлық. Ауғанстанның 49 азаматы қазақ болмаса да оралман қазақ мәртебесін алуға тырысқан. Олардың көпшілігіне қазіргі уақытта іздеу жарияланған. Бангладеш пен Ауғанстан азаматтары біздің ел аумағын Еуропаға өту және ол жақта тұрақты қоныстану үшін пайдалануға тырысады. Екі трансұлттық топ Қазақстанда тіркелген 85 компания арқылы Қытай Халық Республикасынан Қазақстанға жаппай заңсыз кіруді ұйымдастырған», — деді В.Божко.
Қазіргі таңда Қазақстанда көші-қон мәселелері бойынша қажетті құқықтық база жасалған. Парламент «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы», «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы», «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы», «Халықтың көші-қоны туралы», «Босқындар туралы», «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» тағы басқада заңдарды қабылдады. Бірқатар маңызды халықаралық келісімдер ратификацияланды. Көші-қон саласында ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері, басқа да орталық мемлекеттік органдар жұмыс істейді. Көші-қон саясатын жергілікті атқарушы органдар да белсенді түрде іске асырып отыр.
Үкімет сағатының қорытындысы бойынша құзіретті орындардың барлығын есепке ала отырып, арнайы ұсыныстар әзірленді.
(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі