Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
23.04.2018

Мәжіліс депутаттары АҚШ-тың Халықаралық діни еркіндігі жөніндегі комиссия мүшелерімен кездесті


                Астана, 23 сәуір, Мәжіліс Үйі. Бүгін Мәжіліске  АҚШ-тың Халықаралық діни еркіндігі жөніндегі комиссия делегациясы келді. 

                Меймандар тарапынан Комиссия мүшелері Томас Риз бен Клиффорд Мэй және де АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің өкілдері болды.

                Ал қазақстандық тараптан кездесуге Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Ерман, Мәжіліс депутаттары Артур Платонов, Бақтияр Мәкен, сондай-ақ Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істері комитетінің төрағасы Еркін Оңғарбаев қатысты.

                Әңгімелесудің басты тақырыбына айналған: жаһандық және аймақтық қауіпсіздікке қатысты мәселелер. Осы орайда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапарының барысында Ақ үйде өткен келіссөздерден кейін қабылданған «Қазақстан және АҚШ: XXI ғасырдағы кеңейтілген стратегиялық серіктестік» Бірлескен мәлімдемесінің орындалуының, оның ішінде заңнамалық қолдаудың маңыздылығы талқыланды.

                Сонымен қатар мемлекет пен дін арасындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Мәжілісте қарастырылып отырған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы туралы да айтылды.

 

(Мөлдір Мұса - 74-63-04. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты. Суретті түсірген Сайлау Майлыбаев.)

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі