Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
24.04.2018

Мәжілісте трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалану мен қорғаудың жай-күйі талқыланды


Астана, 24 сәуір, Мәжіліс Үйі. Бүгін Мәжілісте Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің ұйымдастырумен дөңгелек үстел өтті.

Тақырыбы - «Трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалану және қорғау жағдайы туралы».

Отырысқа Палата вице-спикері Владимир Божко, Мәжіліс депутаттары, министрліктер мен ведомстволар басшылары, бірқатар аймақтар әкімдерінің орынбасарлары, халықаралық ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар қатысты.

Отырысты ашқан Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Ерман қарастырылып отырған тақырыптың маңыздылығына ерекше тоқталды. Депутат 2017 жылғы мамырда Бейжіңде өткен «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастық форумы барысында Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың трансшекаралық өзендердің су ресурстарын орынды басқару мәселесіне баса назар аударғанын атап кетті. Сондықтан мемлекет саясатында трансшекаралық су ресурстарын көрші елдермен бірлесіп пайдалану және қорғау бойынша өзара қарым-қатынас мәселелері ерекше орын алады. Бұл ретте, Қазақстан трансшекаралық су ресурстары саласындағы барлық мәселелердің халықаралық-құқықтық нормаларына сәйкес шешілуінің белсенді жақтаушысы болып табылады.

Ауыл шаруашылығы Бірінші вице-министрі Арман Евнеев депутаттар алдында трансшекаралық су ресурстарын пайдалану және қорғау бойынша ағымдағы жағдай туралы баяндама жасады.

Сөз сөйлеген Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, Мәжіліс депутаты Ержан Құдайберген талқыланып отырған салада мәселелердің жүйелі шешіміне, бұл ретте, трансшекаралық су ресурстарын пайдалану және қорғауды халықаралық-құқықтық қамтамасыз етудің, сондай-ақ келіссөз үдерісі барысында сараптамалық қамтамасыз ету деңгейін арттырудың маңыздылығын атай отырып, ерекше назар аударды.

Сөз алған Сыртқы істер министрлігі, Атырау және Оңтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктері мен Халықаралық Аралды құтқару қорының өкілдері трансшекаралық су ресурстарын пайдалану бойынша біздің еліміз бен Ресей, Қытай, Орталық Азия елдері арасындағы мәселелер және оларды шешу жолдары туралы хабардар етті.

Пікірталас барысында депутаттар мәселелер қатарында Орталық Азия мемлекеттерінің арасындағы трансшекаралық су ресурстарын пайдалану және қорғау бойынша ынтымақтастықтың нақты тетіктерінің болмауын, аймақта трансшекаралық су пайдалану саласындағы ескірген шарттық-құқықтық базаны атап өтті.

Бұдан басқа, Ресеймен трансшекаралық Жайық өзенінің және оның салаларының ағынының орташа жылдық көлемінің азаюы, осы су артериясы арнасының лайлануы және жағалау сызығының бүлінуіне алаңдаушылық білдірілді. Сонымен қатар, шамамен 50 жылдан соң Қырғызстанмен трансшекаралық Шу және Талас өзендері су қорларының 40%-ға қысқаруы мүмкіндігі жайлы болжамдар қауіп тудырады.

Осыған байланысты, бірқатар конструктивтік шаралар, оның ішінде су ресурстарын басқару саласындағы тиісті шекараластар, қазақстандық құрылымдар арасында трансшекаралық су нысандарының жай-күйі, оларды толтыру мен гидротехникалық құрылыстар тасталымдары, туындаған экологиялық қауіп-қатерлер туралы жедел ақпарат алмасудың айқын тетігін әзірлеу және басқа да шаралар ұсынылды.

Отырысты қорытындылай келе, бейінді Комитеттің төрағасы Мұхтар Ерман трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалану және қорғау саласындағы мәселелерді шешудегі талқылаудың маңыздылығы мен өзектілігін атап өтті.

 

(Мөлдір Мұса - 74-63-04. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты. Суретті түсірген Сайлау Майлыбаев).

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі