Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
25.04.2018

Мәжіліс депутаттары Елбасы бастамаларын жүзеге асыру бойынша түзетулер енгізді


Астана, 25 сәуір. Мәжіліс үйі. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Палата білім беру саласын жаңғыртуға бағытталған бірқатар заңнамалық актілерді мақұлдады.

Атап айтсақ, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы бірінші оқылымда қаралып, мақұлданды.

Мәжіліс депутаттары осы заң жобасымен жұмыс барысында  бірқатар заңнамалық актілерге түзетулер әзірлеп, енгізген. Ол Елбасымыз ұсынған бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыру мақсатында, нақтырақ айтқанда, үшінші бастамада айтылған «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» жағдайын тиімді жүзеге асыруды көздейді. 

Мәселен, 75 мың орынды жаңа жатақханалармен қамтамасыз ету үшін - депутаттар  студенттерді жатақханаларда орындармен қамтамасыз етуге арналған  мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруды және жатақхана құрлысын инвестициялық басым жоба ретінде анықтауды ұсынды.

Олардың барлығының нақты есебі жасалып, тиісті мемлекеттік органдармен жан-жақты пысықталған. 

Заң жобасында бір кодекске және үш заңға өзгерістер енгізу қарастырылған. Осы өзгерістер жоғары оқу орындары қызметінің басты үш бағытын реттейді, олар - академиялық, басқару және қаржы қызметі.

Академиялық дербестік - жоғары оқу орнының академиялық бағдарламасының мазмұнын өздері анықтау, оқу сапасын жақсарту бойынша құзырет беру. Бұл мәселе білікті кадрлар даярлауды, жаңа кәсіптерді қажет ететін жаңа экономикаға көшу кезінде өте маңызды. Басқарушылық дербестік - жоғары оқу орнының академиялық еркіндігін арттыру университетті басқару жүйесінің өзгеруіне тығыз байланысты. Оның өзгеруі жұмысқа қабылдау, мамандықтар және даярлау бағыттары бойынша студенттер контингентін қалыптастыру, жоғары оқу орындарының академиялық структурасын анықтау мәселесін дербес шешуге жағдай жасайды. Ал қаржыландыруды өзгерту бюджеттік және бюджеттен тыс қаржыны дұрыс пайдалануға және материалдық-техникалық, әлеуметтік базамен қамтамасыз етуге жағдай жасауы тиіс.

Сондай-ақ, осы күні "Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Орта білім беруді жаңғырту жобасы) ратификациялау туралы" Заң жобасы мақұлданды. Жоба бойынша жалпы шығын 75 миллион АҚШ долларын құрайды. Таза қарыз сомасы - 67 миллион доллар және де салық төлеу үшін республикалық бюджеттен 8 миллион доллар қоса қаржыландыру қарастырылған.

Ол қаржы елдің әрбір мектебінің әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін бастауыш және орта білім беру сапасын жүйелі түрде күшейтуге бағытталады.

Бүгін депутаттар тарапынан қолдау тапқан зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелеріне арналған Заң жобасы осы саладағы заңнаманы, оның ішінде ғылыми-техникалық прогресті және еркін бәсекелестікті дамытуға бағытталған құқықтық олқылықтарды, қайшылықтарды жою, сондай-ақ әкімшілік кедергілер келтіретін нормаларды алып тастау арқылы одан әрі жетілдіру болып табылады.

Заң жобасы Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына және Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелікке кіруін ескере отырып, Қазақстанның және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің патенттік заңнамасын үйлестіруге бағытталған Қазақстан Республикасында зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғауды және сақтауды табыстау процестерін жетілдіруді, сараптама ұйымы және авторлық құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдар қызметінің ашықтығын арттыруды көздейді. 

Сондай-ақ, Палата осы күні тәуекелдік (венчурлік) қаржыландыру мәселелері бойынша түзетулерді жұмысқа қабылдады.

 

(ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі