Астана, 16 мамыр, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалық етуімен депутаттар бірқатар жаңа заң жобаларын мақұлдады.
Онда дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Заң жобасында 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап дәрілік заттардың шекті бағаларын бекіту арқылы барлық дәрілік заттарға бағаларды реттеуді енгізу көзделген. Олар фармацевтикалық қызметті, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымымен байланысты қызмет түрлерін жүзеге асыруға лицензиялар беру жөніндегі функцияларды әкімдердің құзыретінен алып тастау, оларды денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға беру қарастырылған.
Осы Заң жобасына қатысты Палата Спикері Н.Нығматулин дәрілер бағасын заң деңгейінде реттеу ол – тікелей Елбасымыздың тапсырмасы екенін және әлеуметтік маңызы зор мәселе екенін айтып өтті.
Бүгінгі отырыста Мәжіліс әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Аталған құжат әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Мемлекет басшының тапсырмасына сәйкес заң жобасында азаматтардың жекелеген санаттарына арналған әлеуметтік кепілдіктерді ретке келтіру бойынша нормалар көзделген. Мәселен, «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңға міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын адамдардың санаттарын нақтылау, Әлеуметтік сақтандыру қорына аударымдарды төлеу тәртібі мен олардың мөлшерін нақтылау бойынша түзетулер енгізіледі.
Сонымен қатар, Мемлекет басшының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Бағдарламалық мақаласына сәйкес «Қайырымдылық туралы» Заңға түзетулер енгізіледі. Бұл туған жерді қолдау үшін қайырымдылық көмек көрсету тәртібін заңнамалық тұрғыдан бекітуге мүмкіндік береді.
Ауылдық жерде тұратын және жұмыс істейтiн әлеуметтік сала мамандарына көмек көрсетуге қатысты бірыңғай көзқарас қолдану мақсатында бюджет қаражаты есебінен отын сатып алуға және коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеуге әлеуметтік қолдау көрсету бөлігіндегі нормаларды нақтылау ұсынылады.
Арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін әлеуметтік қорғау шараларын күшейту мақсатында «Сыртқы барлау туралы» және «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» заңдарға Сыртқы барлау қызметі қызметкерлерінің жеңілдікпен есептеумен есепке жатқызылуға тиіс қызмет кезеңін, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері қатарынан зейнеткерлерді жерлеуге арналған біржолғы төлемнің мөлшерін нақтылау бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Осы отырыста Діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заң жобасы бірінші оқылымда депутаттардың қолдауына ие болды.
Заң жобасының негізгі нормалары бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешекті қоғамдық орындарда киіп жүруге тыйым салуды енгізуге, сондай-ақ, діни бірлестік басшысына әкімшілік жауаптылық белгіленіп, он алты жасқа дейінгі кәмелетке толмағандардың ата-анасының бірінің еріп жүруінсіз, сондай-ақ ата-анасының екіншісі қарсылық білдірген кезде құдайға құлшылық етуге, діни жораларға, рәсімдерге қатысуына тыйым салуды енгізуге және басқа да діни жоралар мен рәсiмдерді өткізуге қатысты бірқатар өзгерістер енгізілген.
Сонымен қатар бүгін Мәжіліс Қауіпсіздік Кеңесі туралы және оған ілеспе Заң жобалары бірінші оқылымда мақұлдады.
қатар бүгін өткен жалпы отырыста Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ішкі істер органдарының қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заң жобасы екінші оқылымда халық қалаулылары тарапынан қолдауға ие болды.
Заң жобасын жұмыс тобы шеңберінде талқылау кезінде депутаттар жергілікті полиция қызметінің жұмысына, полиция қызметінің айқындығын арттыруға, адамдарды арнаулы үй-жайларда ұстаудың тәртібіне байланысты ұсыныстар енгізді.
Депутаттар қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіруге бағытталған түзетулер де енгізді. Атап айтқанда, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшін «қоғамдық жұмыстар» деген жаза түрін енгізуді, кейбір ауыр қылмыстар үшін «бас бостандығын шектеу» деген жаза түрін енгізуді ұсынады. Қылмыстар үшін айыппұлдың ең төмен шегі төмендетіледі және теріс қылық үшін тағайындалатын жазалар түзетіледі. Қызмет бабын пайдалана отырып жасалған қылмыс құрамдары бойынша бірнеше еселенген айыппұлдар енгізіледі. Айыппұл төлеудің ең ұзақ мерзімін 6 айдан 3 жылға дейін ұлғайту ұсынылады. Мәжбүрлеп орындалатын және қоғамдық жұмыстардың, сондай-ақ қамаққа алудың мерзімдері жеңілдетіледі, жекелеген қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша бас бостандығын айыру түріндегі санкциялардың жоғарғы шектері төмендетіледі. Қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімдері қысқартылады.
Бұдан басқа, жалпы отырыста Мәжіліс Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2017 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері бойынша қорытынды әзірлеу мерзімі тағайындалады.
Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары орталық мемлекеттік орган басшыларының атына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: А. Перуашев, Ж. Ахметбеков, К. Мұсырман.
(74-63-01, Ақпаратты Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі таратты).
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі