Астана, 18 мамыр, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіровтің жетекшілігімен Қостанай облысында комитеттің көшпелі отырысы өтті.
Көшпелі отырыс шеңберінде халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Конференцияда еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесінің қазіргі проблемалары және оны одан әрі дамыту перспективалары талқыланды.
Іс-шарада депутат Н. Әбдіров қылмыстық-атқару жүйесін, оның ішінде заңнамалық салада дамытудың ең өзекті бағыттары Мемлекет басшысының «Бес институционалдық реформаны іске асырудың 100 қадамы» Ұлт жоспарының 33-34-қадамдарында қарастырылғанын атап өтті.
Конференция пробация институтын дамыту, бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны орындау, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды орындау проблемалары сынды нақты мәселелерді қарастырды.
Айта кету керек, Қостанайда жыл сайын өткізілетін конференция беделді ғалымдар мен практиктердің қылмыстық саясат пен құқықтың ең маңызды мәселелерін талқылау үшін ірі халықаралық пікірталас алаңына айналды. Ол заңнамалық ғылым мен білімнің инновациялық дамуына, криминологиялық қауіпсіздік саласындағы заңнаманы және құқық қолдану тәжірибесін жетілдіруге ықпал етеді.
(74-63-01, Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі).
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі