Астана, 21 мамыр, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Ресейге ресми сапары барысында РФ Мемлекеттік Думасының спикері Вячеслав Володинмен кездесті
Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынасты сөз еткен Мәжіліс Төрағасы жоғары деңгейдегі кездесулер мен жеткен жетістіктер стратегиялық әріптес саналатын қос мемлекеттің өзара іс-қимылдың жарқын үлгісіне айналғандығын атап өтті.
Н. Нығматулиннің пікірінше, біздің елдеріміз арасында сенімді саяси үнқатысу орнап, терең экономикалық байланыстар орнаған, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жыл сайын нығайып келеді. Мәжіліс Спикері атап өткендей, бұл Қазақстан мен Ресей көшбасшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің өзара түсіністік пен достыққа негізделген бірлескен тиімді жұмысының нәтижесі.
Н.Нығматулин екі ел басшыларының келісімдерін заңнамалық тұрғыдан қолдауға ерекше назар аударды.
Мемлекеттік Дума төрағасы Вячеслав Володин Мәжіліс делегациясының ресми сапарының маңыздылығына тоқталды. Бұл соңғы 10 жылдағы алғашқы сапар. В.Володин қазақстандық және ресейлік депутаттардың бүгінгі кездесулері парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беретінін айтты.
Жүздесу барысында Парламенттер палаталарының басшылары Мемлекеттік Дума мен Парламент Мәжілісі арасындағы ынтымақтастық туралы палатааралық парламенттік комиссияның, бейінді комитеттер мен достық топтарының әлеуетін тиімді пайдалануға уағдаласты.
(Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі