Астана, 21 мамыр, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, парламентаралық ынтымақтастықты нығайту – Қазақстан мен Ресейдің татукөршілік қатынасын тереңдетудің маңызды факторларының бірі. Бұл туралы Мәжіліс Спикері бүгін Мәскеуде өткен Мемлекеттік Дума мен Парламент Мәжілісі арасындағы ынтымақтастық туралы палатааралық парламенттік комиссияның 10-отырысында сөйлеген сөзінде айтты.
Қос ел парламенттері палаталарының басшылары Нұрлан Нығматулин мен Вячеслав Володиннің қатысуымен күн тәртібіндегі мәселелерді талқылау кезінде Мәжіліс Төрағасы экономикалық өзара іс-қимыл, аймақтық және шекаралас ықпалдастықты нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
Қазіргі уақытта Қазақстан мен Ресей арасында 2017-2020 жылдарға арналған индустриялық-инвестициялық бағдарлама әзірленуде.
Мәжіліс Спикерінің пікірінше, цифрландыру мәселесі айрықша назар аударарлық. Осы ретте Н. Нығматулин инновациялық технологияларды енгізу, экономиканы цифрландыру Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жолдауында айтылған маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.
Осыған орай, Н. Нығматулин аталған комиссияның 10-отырысына енгізіліген цифрлық экономиканы дамытуды және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруды заңдық тұрғыдан қолдау мәселесінің өзектілігіне көңіл бөлді.
Сонымен бірге, отырыс күн тәртібінде шекаралас ынтымақтастықтың перспективалары, көлік және логистика, мәдени-гуманитарлық салаларда әріптестікті дамыту мәселелері талқыланды.
(Мәжілістің Баспасөз қызметі)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі