Астана. 23-ақпан. Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Палата әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша түзетулерді екінші оқылымда мақұлдады.
Осыған орай Мәжіліс Төрағасы:
-Бүгін біз әлеуметтік маңызы зор тағы бір заң жобасын мақұлдадық. Ең бастысы - бұл құжат тікелей Елбасымыздың бес бастамасында айтылған екінші бастаманы жүзеге асыруға бағытталып отыр. Осы өзгерістер жалақысы төмен азаматтарымыздың табысын көбейтуге зор ықпал ететіні сөзсіз,-деді.
Айта кетейік, Заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында қолданыстағы заңнамаға, заң техникасының қағидаларына сәйкес келтіруге бағытталған редакциялық-нақтылаушы сипаттағы түзетулер енгізілген.
Жалпы осы құжатпен жұмыс барысында жұмыс тобы 100-ден астам түзету қарастырды. Оның барлығы әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманы жетілдіруге арналған.
Заң жобасында 3 кодекске және 13 заңға түзетулер енгізу көзделген.
(ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі