Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
23.05.2018

Мәжіліс депутаттары Президенттің әлеуметтік бастамаларын қолдауға бағытталған заң жобасын мақұлдады


Астана, 23 мамыр, Мәжіліс үйі.  Бүгін Парламент Мәжілісінің Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалық етуімен Палатаның жалпы отырысы өтті. Онда әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты заң жобасы түзетулермен  екінші оқылымда мақұлданды. 

Мәжіліс Төрағасы мақұлданған жаңа заң жобасы қазақстандықтар үшін маңызды екеніне назар аудара отырып, Елбасының екінші әлеуметтік бастамасын жүзеге асыруға септігін тигізетінін, ол төмен жалақы алатын жұмысшылардың салық жүктемесін 10 есеге азайтуға бағытталғанын атап өтті.

Аталған түзетулер Салық кодексі мен Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы заңға енгізілмек. Атап айтқанда, айына АЕК-тің 25 еселенген мөлшерінен аспайтын жұмыскерлердің санаты үшін салық салынатын кірісті азайту жағына қарай 90 %-ға түзету және ЖТС-ты 10 % мөлшерлемесі бойынша салу ұсынылады. Бұл норма 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Осы бастаманың нәтижесінде, елдегі жұмысшылардың кемінде үштен екісі, яғни екі миллионнан астам адам - жұмыс берушілерге ауыртпалық салмай, жалақысын көбейтеді.

Осы заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар  бала кезінен бірінші топтағы мүгедекті күтіп-бағуды жүзеге асыратын адамға тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы енгізу қарастырылған.

Сондай-ақ, депутаттар атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу кезеңін нақтылау, әлеуметтік келісімшартты ұзарту және оның ережелерін өзгерту талаптарын және шартты ақшалай көмекті алушылар санаттарын нақтылау бөлігінде түзетулер енгізді.

Балаларды оңалтуға ерте араласу маңыздылығын ескере отырып, аудан орталықтарында мүмкіндіктері шектеулі балаларды психологиялық-медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау кабинеттерін ашу қарастырылуда.

Осы ретте басқа адамның көмегіне мұқтаж бірінші топтағы мүгедекті, екінші топтағы жалғызбасты мүгедекті және жасына байланысты зейнеткерді, сондай-ақ сексен жасқа толған қарт адамды күтіп-бағу кезеңдерін зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне қосу бойынша қосымша түзетулер енгізді.

Отырыста Мәжіліс депутаттары  тәуекелдік (венчурлік) қаржыландыру туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Онда венчурлық қорлардың құқықтық мәртебесінің ерекшеліктері анықталуда. Венчурлық қызметті қолдаудағы мемлекеттің рөлі күшейтіледі. Инвесторлардың, басқарушы компаниялардың, венчурлық қорлардың өздерінің өкілеттіктерін және міндеттерін жүзеге асырудағы қарым-қатынастарын реттеу үшін жаңа шарттық құралдар енгізілуде.

Жалпы отырыста депутаттар  тарапынан «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының жобасы қолдауға ие болды.

Конституциялық заң жобасында мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың пропорционалды жүйесін енгізу қарастырылған. Аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу ұсынылады. Округтік сайлау комиссиялары таратылады. Сонымен қатар заң жобасының жаңалықтардың бірі сайлаушылар тізімін цифрландыру болып табылады.

Конституциялық заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу Бюджет кодексіне, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, жергілікті өзін-өзі басқару және өзін-өзі басқару туралы заңдарға, саяси партияларға және мемлекеттік қызметке қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.

Мәжіліс сондай-ақ діни қызмет және діни бірлестіктерге қатысты заңнамалық түзетулерді, сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы»  заң жобаларын түзетулермен мақұлдады.

Бүгінгі күні Палата тиісті комитеттердің ұсынысымен агроөнеркәсіптік кешенді реттеу туралы заңнамалық түзетулерді, сондай-ақ есірткі, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар айналымын бақылауды жалғастыруға қатысты жұмысты жалғастыратын болады.

Жалпы отырыста Мәжіліс  Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шартты ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа алды. 

Отырыс соңында депутаттар орталық мемлекеттік органдардың басшыларына сауалдар жолдады. Олар М. Айсина, Г.Бижанова, К.Абсатиров, Д.Еспаева, Т.Сыздықов, И.Смирнова, А.Қоңыров.

 

(74-63-01, Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі, суретті түсірген Ж.Құспанов)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі