Астана, 24 мамыр, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильяновтың жетекшілік етуімен дөңгелек үстел өтті. Отырыстың тақырыбы «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыруға арналды.
Дөңгелек үстел «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасының іске асырылуының бірінші жылдық нәтижелерін қорытындылауға бағытталды.
Отырысқа Инвестициялар және даму, Ұлттық экономика, Қаржы, Энергетика вице-министрлері, орталық мемлекеттік органдар мен саяси партиялардың, салалық қауымдастықтардың, бизнес-қоғамдастық және кәсіпкерлер қауымының өкілдері қатысты.
Негізгі баяндаманы Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев жасап, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру барысы мен нәтижелеріне кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, тұрғын үйді квазимемлекеттік сектор арқылы өткізу барысы туралы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Омарқожаев, өңірлерде тұрғын үйді өткізу барысы туралы Ақтөбе және Оңтүстік Қазақстан облыстары әкімдерінің орынбасарлары, отандық бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қатысуы туралы және тұрғын үй құрылысын жетілдірудің өзекті мәселелері бойынша «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева баяндады.
Дөңгелек үстел барысында «Нұрлы жер» бағдарламасының іске асырылу барысын, сондай-ақ Президенттің Бес әлеуметтік бастамасы аясында «7-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасының енгізілуіне байланысты «Нұрлы жер» бағдарламасына енгізілетін өзгерістер мен тұрғын үй құрылысы саласындағы заңнамалық базаны жетілдіру жөніндегі бірлескен жұмысты жалғастыру мәселелері талқылады.
Мемлекет басшысының 2030 жылы тұрғын үймен қамтамасыз етуді әрбір адамға шаққанда 30 шаршы метрге дейін арттыру және «7-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасының енгізілуіне орай әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру бойынша 2018 жылғы Жолдауында және Бес әлеуеметтік бастамасында берілген тапсырмаларына байланысты «Нұрлы жер» бағдарламасына негізгі өзгерістер енгізу қарастырылмақ.
Айта кету керек, республикамыздың дамуының жаңа кезеңіндегі мемлекеттік тұрғын үй саясатының басты мақсаты тұрғын үй құрылысына мемлекеттің қатысуын азайту болып табылатыны белгілі. Сондықтан да, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысының бағдарламасында басымдықтар тікелей қаржыландырудан бюджеттен тыс қаржыландыруға ауысты. Бағдарламаның тетіктері жеке инвестициялар тартуға, бизнесті қолдауға және халыққа ипотекалық кредит беру, тұрғын үй қарыздары сияқты қолжетімді қаржы құралдарын ұсынуға бағытталған.
Бағдарлама 15 жыл бойы жүзеге асырылады. 2031 жылға дейін елде 1,5 млн. отбасына тұрғын үй салу күтілуде. Жыл сайын орта есеппен 100 мың адам өз баспанасына ие болмақ.
2017 жылы қаржыландырудың барлық көздері есебінен 11,2 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға енгізілді, ол 2016 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 106,2%-ды құрайды. Ал 2017 жылғы жоспарға орай (жоспар 10,1 млн м²) тұрғын үй енгізу пайызы 110,4%-ды құрады. Тұрғын үйлердің басым бөлігі – 9,4 мың м2 немесе 83,9% — жеке үй салушылармен және халықпен пайдалануға берілген. Жалпы республика бойынша 100 812 тұрғын үй бірлігі пайдалануға берілді, олардың – 27 908 жеке үй (4,3 млн м²) және 72 904 КТК-дағы тұрғын үй (6,9 млн м²).
Тұрғын үйді пайдалануға беру көлемдерінің артқаны республиканың 15 өңірінде байқалып отыр. Өткен жылмен салыстырғанда тұрғын үйді пайдалануға берудің айтарлықтай өсу қарқыны БҚО-да (42,4%), ОҚО-да (36,2%), Қостанай облысында (35,6%), Павлодар облысында (31,2%), Ақтөбе облысында (28,5%), Жамбыл облысында (24,9%), СҚО-да (21,8%), Маңғыстау облысында (17,6%), Ақмола облысында (16,9%), Қызылорда облысында (12,6%) байқалып отыр.
Тұрғын үй құрылысына 979,8 млрд. теңге инвестиция бағытталды, олардың 153,9 млрд. теңгесі мемлекеттік инвестициялар. Мемлекеттік инвестициялар есебінен тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 1 43,4 мың м² (24 159 пәтер) жоспар кезінде 1490,9 мың м² (25 095 пәтер) немесе жоспарға 104,4% құрады.
Жалпы Бағдарламаны іске асырудың алғашқы жылының қорытындысы белгіленген көрсеткіштерге жеткенін көрсетті. Жеке тұрғын үй құрылысымен салыстырғанда көп пәтерлі тұрғын үйді пайдалануға беру үрдісі байқалып отыр.
(74-63-01, Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі. Суретті түсірген Сайлау Майлыбаев).
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі