Астана, 28 мамыр, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте Вице-спикер Владимир Божконың төрағалық етуімен үкімет сағаты өтті. Онда «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» мәселе қаралды.
Отырыста Премьер–Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев баяндама жасап, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселесіне тоқталды.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашалығында еңбек өнімділігін және өңделген өнім экспортының көлемін 2,5 есеге арттыру туралы батыл міндет қойды. Бұл міндетті шешу саланы дамытуда мүлде жаңа көзқарасты талап етеді, - деді Ө. Шөкеев.
Сонымен қатар, жалпы Мемлекеттік бағдарламада 10 міндетті орындау көзделген. Олардың шеңберінде бірқатар жаңа жүйелі іс-шаралар да қарастырылған.
Бірінші. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Алғаш рет бұл мәселені физикалық қолжетімділік, экономикалық қолжетімділік, тамақ қауіпсіздігі бағыттары бойынша кешенді түрде шешу жоспарлануда. Өнім өндіруді қамтамасыз етумен қатар сапалы ауызсумен, жақсы жолдармен қамтамасыз ету, халықтың табыс деңгейінің өсуі, тамақ қауіпсіздігі және басқа да мәселелер қамтылатын болады. Жоспарланған межелерге қол жеткізудің индикаторларын мына слайдтан көріп отырсыздар.
Екінші. Агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін қаржыландырудың қолжетімділігі 8 нақты іс-шаралар есебінен шешілетін болады. Мәселен, жаңа қаржы құралы – аграрлық қолхатты енгізу ұсынылады. Ауыл шаруашылыгындағы сақтандыру жүйесін түбегейлі өзгертіп, міндетті сақтандырудан еркін сақтандыруға көшу жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте бұрынғыдай сақтандыру төлемдеріне емес, сақтандыру сыйақысына субсидия берілетін болады. Бұл шынайы және тиімді агросақтандыруды енгізуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, отырыста кредиттік серіктестіктер жүйесін қайта қарап жаңадан жасақтау қажеттілігі туралы да баяндалды.
- Қосымша баяндама жасаған Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Сапархан Омаров ауылшаруашылығы саласындағы шешімін толық тапппаған біраз мәселелерге тоқталды. Сондай-ақ, депутат барлық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің агробизнесте әрекет етудің қағидаларының шаруаларға түсінікті және бірізді болуға тиіс деген өтінішін жеткізді.
- Бүгінгі күні барлық субсидияларды бір жерге жинақтаған электронды дерекқор жоқ. Осындай дерекқорды жасау субсидиялардың әрбір саланың дамуына тигізетін әсерін бағалауға, ауыл шаруашылығының нақты секторында және әрбір шаруашылықта қаржылай қолдау мен экономикалық өсім арасындағы өзара байланысты талдауға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығындағы жер телімдерін және ауыл шаруашылығы жануарларын есепке алу дерекқорларымен, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінің есептік дерекқорымен және де басқа да ұқсас дерекқорлармен біріктірілген мұндай цифрлық жүйенің болуы субсидияларды тиімді пайдалануға зор үлесін қосар еді, - деді депутат.
Сонымен қатар, депутат ауыл шаруашылығының қарқынды дамуын қамтамасыз ету үшін аграрлық сектордың негізгі басымдықтарының бірі топырақ ресурстары мен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қорғау және ұтымды пайдалану мәселесіне тоқталды.
Соңғы кезде, ғалымдардың мәліметіне сүйенсек, республикада топырақтың мелиоративтік және экологиялық жағдайының нашарлауы, топырақ құнарлығының төмендеуі, су мен жел эрозиясының өршуі, қайта тұздану байқалуда. Топырақты агрохимиялық зерттеудің соңғы нәтижелері бойынша құрамында қарашірік мөлшері аз суарылмайтын жерлердің үлесі 75,6%-ды (пайызды) құраса, суарылатын жерлердегі мұндай үлес 98%-ды (пайызды) құрайды. Құрамында азот мөлшері аз алаңдардың үлесі 54%-ды (пайызды), фосфор мөлшері аз алаңдардың үлесі 48%-ды (пайызды) құрайды. Топырақ құнарлығының нашарлауының негізгі себебі: жер пайдаланушылар егістіктерінде агротехника деңгейінің төмендігі, көпжылдық шөптер егістігінің төмендеуі, минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемінің төмен болуы, органикалық тыңайтқыштардың іс жүзінде қолданылмауы. Мысалы, Беларусияда бір гектар егістікте дақылдарды өсіру кезінде 200 килограммға дейін тыңайтқыш пайдаланылса, Ресейде – 50 килограммға, Украинада 100 килограммға дейін пайдаланылады. Қазақстанда бұл көрсеткіш орташа алғанда шамамен төрт килограмды ғана құрайды. Бұл бізде топырақтың құнарлығын сақтаумен іс жүзінде ешкім айналыспайтындығын көрсетеді. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділік көрсеткіштері бізбен ұқсас табиғи-климаттық жағдайда орналасқан елдердің деңгейінен айтарлықтай артта қалып отыр.
Үшінші тағы бір маңызды міндеттердің бірі – суармалы егіншілікті дамыту. Қазақстан аумағы ылғалданудың жеткіліксіз аумағына орналасқан. Сондықтан, жерді мелиорациялау, азып-тозған жерлерді өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығы алқаптарына айналдыру ісінде, еліміздің әлеуметтік және экономикалық дамуындағы объективті қажеттілік болып табылады.
Өкінішке орай, соңғы жылдары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің топырақ құнарлығын сақтауға және қалпына келтіруге бағытталған іс-шаралардың атқарылуына қарамастан, мелиорацияланатын жерлердің көлемі азаюда. Жалпы алғанда, 1990-2016 жылдар аралығында елімізде суармалы жерлердің көлемі 2,3 млн. гектардан 2,1 млн. гектарға дейін қысқарды, оның ішінде бүгінгі күні тек 1,4 млн. гектары ғана қолданылуда. Көлдетіп суарылатын 400,0 мыңға жуық жер пайдаланылмайды, тұрақты түрде суарылатын 600,0 мың жуық жерді қалпына келтіру қажет.
Суармалы жерлерді аз пайдаланудың негізгі себептері – ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің ұсақ, бытыраңқы болуы, қаржыландырудың жетімсіздігі, ғылым мен өндіріс арасындағы байланыстың әлсіздігі, машина-трактор паркінің тозуы, ирригациялық-дренаждық жүйелердің тозуы, ол бүгінгі күні шамамен 70%-ды құрайды.
Суармалы егіншілікті дамытудың пайдасы туралы айтатын болсақ, жаңа Өмірзақ Естайұлы айтып кеткендей, қазіргі уақытта жалпы егістік алаңының шамамен 7%-ын ғана құрайтын суармалы жерлерден алынатын табыс барлық өсімдік шаруашылығынан түсетін табыстың 40% құрайды.
Төртінші, өндірілген тауарды сату мәселесі. Шаруаларға өнім өндіруде жан жақты қолдау көрсетілуде. Бірақ сол өндірілген өнімді тиімді бағамен сатуға мүмкіншілік жасалмаса бұл қолдаудың тиімділігі төмендейді. Сондықтан, нақты жолға қойылған дайындау жүйесі және жақсы ойластырылған экспорттық саясат қажет. Бірінші кезекте, «ақылды орталық», немесе жалпы тілмен айтқанда логистика және сауда орталығы қажет. Оның негізгі міндеттері елімізде өндірілетін барлық ауыл шаруашылығы өнімдерінің бірыңғай базасын құру, нарық конъюнктурасын қадағалап отыру, бағаның қалыптасуын мониторингілеу, нарыққа қатысушыларға нарықтың ағымдағы және тарихи жай-күйі туралы хабарлап отыру, өнімнің бәсекелестікке сай, бүгінгі нарыққа керек түрлерін өндіру бойынша ұсынымдар дайындау, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көтерме баға партиясын қалыптастыру және сатып алушыларды іздестіру болуға тиіс. Мұндай орталықтың өңірлік өкілдіктері ретінде жұмыс істеп тұрған көтерме тарату орталықтарының, коммуналдық базарлардың, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың, жеке бизнестің сақтау орындары мен қоймаларының әлеуетін пайдалануға керек.
Бесінші мәселе, бұл бидай мен ұн туралы. Әрине, отандық ауылшаруашылығымыз дамып, экспорттық әлеуетіміз артсын десек өсімдік шаруашылығын әртараптандыру басты мақсат. Дегенмен де, бүгінгі күні еліміздің басты экспорттық мүмкіншілігі бидай және одан алынытын ұн екенін ұмытпауымыз керек, осы позициялар бойынша еліміздің әлем елдерінің алғы қатарларына кіріп отырған жағдайын сақтап қалуымыз керек. Кейінгі жылдары жоғары протеинді бидайдың көлемі азайып келеді. Осыған байланысты, басты астық өніміміздің сапасын және бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша жұмыстарды жүйелеу туралы аса жауаптылықпен ойлануымыз керек.
Депутат С. Омаров қазір, ең бастысы, жергілікті жерлерде бағдарламаның басты өзгерістері туралы қарапайым, түсінікті және сапалы түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Әрбір шаруа, ауылдың әр тұрғыны қандай мүмкіндіктер ашылатынын анық көріп, оны өзін өзі дамытуға пайдалануы керек, - деді.
Сонымен қатар депутаттар тарапынан еліміздегі ветеринариялық, карантиндік және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесін күшейту қажеттігі туралы, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қаржыландырудың жаңа және тиімді құралдарын енгізудің, өсімдік шаруашылығында сақтандырудың қолданыстағы тетігін қайта қараудың, субсидиялау процестерін автоматтандырудың қажеттілігі туралы, ұсақ және орта ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге несиелердің қолжетімділігі туралы мәселелерді бірнеше рет көтерілген болатын. Агроөнеркәсіптік кешенде өнімділікті арттырудың негізгі кедергілері өсімдік шаруашылығында алынатын өнімнің төмен болуы, мал шаруашылығындағы өнімділіктің қанағаттанғысыз болуы, негізгі құралдардың тозуы және ескірген технологиялардың пайдаланылуы, ауылдық инфрақұрылым жай-күйінің тиімсіздігі туралы да айтылған болатын. Бүгін көріп отырғандай, барлық осы өзекті мәселелерді шешудің жолдары Ауыл шаруашылығы министрлігінің таныстырылымдық материалдарында көрініс тауып отыр.
Отырыс барысында депутаттар мемлекеттік орган басшысына бірқатар сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.
Үкімет сағатын қорытындылаған Вице-спикер В. Божко ағымдағы бағдарламаға толықтырулар, бірінші кезекте, жобаны басқару қағидасын толық іске асыруды талап ететін айтты. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту туралы Мемлекет басшысының тапсырмасы – тек Ауылшаруашылығы министрлігінің ғана міндеті емес, бұл еліміздегі барлық министрліктер мен бұқаралық ақпарат құралдарының және қоғамдық бірлестіктердің жауапкершілігі деді.
Отырыстың қорытындысы бойынша Мәжіліс депутаттары тиісті Ұсынымдар қабылдады.
(74-63-01, Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі. Суретті түсірген Жаслан Құспанов).
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі