Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
30.05.2018

Мәжіліс еліміздің тұрақты дамуына бағытталған жаңа заң жобаларын мақұлдады


Астана, 30 мамыр, Мәжіліс үйі. Бүгін Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен жалпы отырыста Палата бірқатар жаңа заң жобаларын мақұлдады. 

                Отырыста депутаттардың өздері бастамашы болған заң жобалары мақұлданды. Атап айтқанда, «Білім туралы» заң жобасы заңнамалық түзетулерімен бірінші оқылымда қолдауға ие болды.

                Аталған заң жобасы Мемлекет басшысының отандық экономиканы білікті кадрлармен қамтамасыз ету және халықаралық талаптарға сай келетін кәсіптік білім беру бағдарламаларын жетілдіру туралы міндеттерін орындауға бағытталған.

Онда дуальды оқытуды енгізуге байланысты өндірістік оқыту, тәлімгер, оқыту ұйымы (кәсіпорны) ұғымдарын бекіту көзделіп отыр.

Депутаттар ұсынып отырған, Республикалық оқу-әдістемелік кеңес, бейіндер бойынша оқу-әдістемелік бірлестіктер мәртебесін заңнамалық деңгейде бекіту техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының қызметі мәселелері бойынша әдістемелік жұмысты күшейтуге мүмкіндік береді.

  Аталған заң жобасы бойынша жалпы отырыста баяндама жасаған депутат Б.Хаменова заң жобасындағы өзгертулер мен толықтырулар техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары қызметінің басты төрт бағытын реттеуге негізделгенін: атап айтқанда, оқу бағдарламаларын модульдік әзірлеу, дуальды оқытуды дамыту, біліктілікті сертификаттауды бәсекелестік ортаға беру, оқу орындарының қаржыландыру жүйесі туралы айтты.

Екінші оқылымда депутаттар газ және газбен жабдықтауға қатысты түзетулерді, сондай-ақ  «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы»  заң жобасын мақұлдады.

Осы ретте Мәжіліс Төрағасы Н. Нығматулин халық қалаулылары бастамашы болған заң жобалары ел мүддесін қорғауға бағытталғанын атап өтіп,

-Бүгін біз тікелей депутаттарымыздың өздері бастамашы болған төрт заң жобасын мақұлдадық. Осы құжаттар көптеген әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталып отыр. Бұл депутаттық корпус үшін үлкен нәтиже екені сөзсіз,- деді.

 Сонымен қатар, балалардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпаратты қорғауға бағытталған заңнамалық шаралар туралы Мәжіліс Төрағасы бұрын бала тәрбиесінде маңызды рөл көше мен аулада ойнау болса, қазіргі таңда енді бұл теледидар, интернет және әлеуметтік желілер екеніне тоқталды. Сондай-ақ, Палата Төрағасы Мәжіліс депутаттары балалардың психикасына зиян келтіретін ақпаратты қорғауға бағытталған нормалар уақытылы және көп жағдайда салауатты ұрпақтың қалыптасуына үлес қосатынына сенім білдіріп, балаларымыз үшін таза ақпараттық орта таза табиғи орта сияқты маңызды екеніне де назар аударды.

 Жалпы заң жобасы балалардың психофизиологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, олардың әртүрлі жас топтарына арналған ақпараттық өнімнің мазмұнына қойылатын өлшемшарттарды бекітуді көздейді.

     Жұмыс тобының заң жобасымен жұмыс істеуі барысында депутаттар жас сыныптамасын және тиісті санаттағы ақпараттық өнім белгісін түсіруді жүзеге асыратын субъектілердің санын қысқартуға; балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға жұртшылықтың қатысуына; уәкілетті органға ақпараттық өнімге жас сыныптамасын беру әдістемесін әзірлеу және бекіту жөніндегі функцияны беруге; уәкілетті, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың заң жобасының ережелерін іске асыру бойынша құзыреттерін нақтылауға бағытталған түзетулер енгізді.

    Сонымен қатар отырыста  «Газ және газбен жабдықтау туралы» заң жобасы мақұлданып, екінші оқылымда тәуекелдік (венчурлік) қаржыландыру мәселелеріне қатысты заң жобасы депутаттар тарапынан қолдауға ие болды. Осы ретте Мәжіліс Төрағасы Н. Нығматулин:

  -Бүгін біз еліміздің экономикалық дамуы үшін маңызды заң жобасын мақұлдадық. Осы заң жобасын қабылдау – ол Үкіметке - венчурлік қаржыландыру бойынша тиісті жұмыстарды жасау үшін жол ашатын болады. Оның барлығы еліміздің инновациялық дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз,-деді.

   Сонымен қатар жалпы отырыста жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту мәселелері бойынша заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.

   Мемлекет басшысының студент жастардың тұру жағдайларын жақсарту мақсатында жаңа студенттік жатақханалар салуға қатысты үшінші әлеуметтік бастамасын іске асыруға бағытталады.

   Отырыста депутаттар «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» заң жобасы ілеспе түзетулерімен бірінші оқылымда мақұлдады.

   Заң жобасы қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс саласындағы қатынастарды реттеуге бағытталған.

   Атап айтқанда, қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен ұйымдарына қаржылық, ақпараттық-консультациялық қолдау, кадр әлеуетін дамытуға қолдау, сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыруға қолдау көрсету арқылы мемлекеттік қолдау шараларын қолдану мүмкіндігі көзделеді.

   Заң жобасында әскери өкілдерге мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс өнімінің сапасын бақылау функцияларын жүктей отырып, олардың міндеттері мен функцияларын заңнамалық деңгейде бекіту ұсынылады.

    Жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қорғас өзенінде «Шүкірбұлақ (Алмалы)» бірлескен сел ұстайтын бөгетін салудағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң жобасы мақұлданды.

     Сондай-ақ, бүгін Палата ратификацияланатын жаңа заң жобаларын жұмысқа алды. Олар - Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы табысқа және мүлікті қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісімге түзетулер енгізу және Қазақстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдері арасындағы үш мемлекеттің мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесінің ауданы туралы шартты ратификациялау туралы заң жобалары.

    Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары орталық мемлекеттік орган басшыларының атына депутаттық сауалдар жолдады. Олар  А.Перуашев, М.Магеррамов, А.Платонов.

 

 (74-63-01, Ақпаратты Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі таратты. Суретті түсірген Жаслан Құспанов).

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі